Бүгін Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханасында Халықаралық «Дүние таланттары» одағының тұсаукесер кеші өтті.
Салтанатты жиын қонақтары таңғажайып сағыныш ақыны Төлеген Айбергенов пен теңдессіз жыр қағаны Қаныбек Сарыбаевтай қос арыстың қыздары Салтанат Төлегенқызы мен Ләззат Қаныбекқызы шараға сән берді. Алыс-жақыннан атбасын бұрған М. Жүргенов академиясының дәстүрлі ән зерттеушісі Айткүл Фазылова, «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры кеңесшісі Әли Нышанов, әнші-сазгер Сауран Елеуовтар арнайы қатысты.
Одақ жуырда ғана құрылған, негізін қалаушы жерлесіміз, ақын, аудармашы, Халықаралық Бейбітшілік және Жазушылар Одағы мүшесі Дана Дәулетова. Жобаның мақсаты Отанымыздың абыройын асқақтатар, талмас өнерімен әлем көгінде еркін самғайтын һас таланттарды анықтау. Жастарды ақындық, суретшілік, әншілік салалар бойынша сараптап, үздіктерге қолдау көрсету. Олардың жұмыстарын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және т.б. мемлекет тілдеріне аударып халықаралық аренаға шығару.
Тұсаукесер рәсімі еркін рухани кешке ұласты. Домбырамен әуелеген әндер айтылды. Мектеп оқушылары мәнерлеп өлеңдер оқыды. Сахна төріне шақырылған қонақтар ыстық ықыласын білдіріп, алдағы жұмысына сәт-сапар тіледі. Жұрт сеніміне бөленген Одақ президенті алғысын білдіп, сондай-ақ Одақтың алғашқы мүшелеріне куәлік табыстады.
Үмітбек БАҒДАТ.
