Қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жол-патрульдік полициясының қатысуымен заңсыз автокөлік тұрақтарына рейд жүргізілді.
«Жауғашты» базары маңынан басталған рейд барысында жол бойына қойылған көліктерден ақша жинап жатқан қызметкерді сөзге тартқан болатынбыз. Ол өзінің заң шеңберінде жұмыс жасап жатқандығын айтып, бұл мәселе бойынша басқа да сұрақтарға базар әкімшілігі қызметкерлері жауап береді деген уәжді айтты. Ал, базар әкімшілігі қызметкерлерінің айтуынша мұнда тоқтаған көліктерден ақша жинауға рұқсат жоқ.
Келесі нысан «Темірлан» сауда үйінің маңындағы көлік тұрағы болды. Мұнда тұрақ қызметкері ретінде ақша жинап жүргендер қай мекемеде жұмыс жасайтынын, заң бойынша қандай іс-әрекет жасау керектігін білмейтін болып шықты.
Діттеген жерге жеткен жүргізушілер көлігін қоймаққа ұмтылғанда, алақанын жайып ақы сұрайтын «сары күрте» кигендер екі жүз теңгеге дейін ауызын ашады. Бұлардың кейбірі заңды, енді бірі заңсыз ақша жинап отырғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Шара барысында заңсыз ақша жинап, өз пайдасын ойлаған «сары күртедегілерге» қатаң ескерту берілді. Ал, біз қала тұрғындарына автотұраққа ақы бермес бұрын ақша жинауға рұқсат берілген құжатын сұрау керектігін ескертеміз.
Үмітбек БАҒДАТ.
