ТҮРКІСТАНДА ҚҰРАН АЯТТАРЫ ЖАЗЫЛҒАН КҮЙТАБАҚТАР ТАБЫЛДЫ

1  646 көрілім

Түркістан қаласындағы “Хилует” мешітінің сүріліп, орнына жаңа мешіт бой көтеретіндігі жөнінде жазған болатынбыз. Құрылыс жұмыстары кезінде бұзылған мешіт жертөлесінен Құран аяттарының аудиожазба нұсқасындағы 30 дана күйтабақ табылды.

Бұл жаңалықпен мешіттің наиб имамы Мұхамеджан Джумадуллаев бөлісті. Айтуынша, кімнің қалай жасырғаны беймәлім. Дегенмен, кеңес үкіметі кезіндегі атеизмдік заманда жерге көмілген деген болжам бар. Себебі, құнды жәдігер 1989-1990 жылдарға тиесілі.

Күйтабақтардың барлығының сыртына 114 сүренің атауы жазылған. Нақтырақ айтқанда, аудиода Қасиетті Құран Кәрімдегі 6666 аят, яғни толық 30 пара бар екендігі белгілі болып отыр. Патефонға қосып көрсе аудиожазбаны тыңдауға мүмкіндік болуы ықтимал. 30 жылға жуық уақытта сыртындағы қорабы ылғалданғанымен ішкі бөлігі сол қалпында.

Қорабша сыртында Өзбекстанда жасалған деген жазуы бар. Дін өкілдері бұл құнды мұраны мешіт мұрағатында сақтауды қалайды. Әзірге қаладағы музейлердің біріне өткізілмек.

Алла үйінің ішінде имам алдыңғы қатарға шығып намаз оқитын «Миғраб» аталатын орны бұзылмаған. Имамдар мұны болашақ ұрпаққа мешіттің жеке музейі ретінде қалдыру керектігін алға тартып отыр. Ол үшін облыс, қала әкімдіктеріне ұсыныс жасалған. Мақұлданса мінбер, ескі жайнамаздар және құнды құжаттар музей экспонатына айналады.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы