М. Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Кәусар Батырхан әлемдік байқауда бақ сынауда. «Әлемдегі ең сұлу қыз» онлайн-байқауының онлайн дауыс беруі 2 ақпан мен 24 маусым аралығында өтеді.
Бұл байқау туралы қызымның гимнастикадан жаттықтыратын тәлімгерінен естіп, ақылдаса келе қатысуды жөн деп шештік. Әуелі, сайтқа тіркеліп, ең жақсы үш фотосуретін жүктедім. Модельдік агенттіктердің директорлары қазылық ететін жарыста 18 жеңімпаз анықталады. Соңғы дауыс беруде дауыс санындағы айырмашылықты ескермей, табиғи келбеті бағаланады. Қызымның арманы – бүкіл әлемге танымал биші болу. Сол арманына алғашқы баспалдақ болсын деп үміткер ретінде қатысудамыз,- дейді анасы Айкүміс Беркімбаева.

Айта кетейік, онлайн-байқау жылына бір рет өткізіледі. 17 жасқа дейінгі қыздардың сұлулық сайысында әр санаты бойынша жеңімпаздар анықталатын болады. Ал, жүлдегерлер осы жылдың 30 маусымында белгілі болады. Әр жеңімпазға алтын кубок беріліп, үздік деп танылған ару «Әлемдегі ең сұлу қыз» атағын иеленіп, жеңімпаз тәжін киеді.
Ендеше, жерлесіміз Кәусарға әлемдік байқауда «Бағың жансын, балапан!» дегіміз келеді.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».
