Сенбі-жексенбі күндері қаладағы құрылыс барысын бақылайтынын ескерткен Рашид Абатұлы 51 техника мен 287 адам жұмылдырылған “Керуен Сарай” кешені салынатын аумақты аралап, жұмыс кестесіне сәйкестігін тексерді. Шаһар басшысы апта сайын жұмыстар легін осылайша қадағалап отыратынын да еске салды.
⠀
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы 7 қабатты 24 үйдің және 12 қабатты 39 үйдің жұмыс барысын қадағалап, жауапты мамандарға жұмысшылар санын көбейтіп, істі ширатуды, сонымен бірге, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар сапалы болуын ескертті.
Б. Саттарханов даңғылы бойындағы жаяу өткіншілер жолдарындағы арықшалар бетін жауып, адамдарға өтуге ыңғайлы жағдай жасау қажет. Ал, құрылыс алаңынан шыққан үлкен жүк көліктерінің қала аумағына шығар алдын тазалығына аса мән беру және көшені ластамауын қатаң назарға алу тапсырылды.
Одан әрі биыл жүз пайыз қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылуы қадағаланды. Мәселен, “Бірлік” елдімекенінде күніне 800 метрге дейін газ құбырлары қойылып, жұмысты толықтай мамыр айында аяқтау жоспарланған. Жұмысқа тартылған 58 адамның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Шаһар басшысы қазылған жерлердің орнын жауып, ретімен тас төсеу қажеттілігін жүзеге асыру қажеттілігін айтты.
Сонымен қатар, орталық “Азиз” базары алдында бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде жауын-шашын зардабынан көлшік пайда болып, ары-бері өтуге тұрғындар тарапынан қолайсыздығы жазылған еді. Осы мәселені назарына алған Р. Абатұлы бүгін арнайы барып, базар маңындағы қоқыстар мен лайға, суға толған арықшаларды “Түркістан жарық-тазалық” мекемесі қызметкерлері үздіксіз тазалап тұруын қатаң ескертті.
⠀
Су толған құдықтарды да көрген Р.Аюпов “Түркістан-Су” мекемесі басшысына сол ретте тазалауды тапсырды. Аз уақыт өтпей мамандар құдық ішіндегі суды тартты. Дегенмен, мұндай құдықтар жаңбыр жауған уақытта толып, нәтижесінде байланыс торабы істен шығуы ықтимал. Сол себепті де жиі тексеріп, жіті қадағалап тұру керектігі назарға алынды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН.
