АҚЫНЫН IЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ

1  427 көрілім

Жыл керуенi алға жылжыған сайын Қаныбек Сарыбаевтың өшпес мұрасы, жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауына сәулесiн шашқандай жарқырай, өркендей өсiп, айшықтала түсуде. Aқиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың 80 жылдық мерейтойына әрi «Бiр қала – бiр кiтап» акциясы аясында от ауызды, орақ тiлдi, өршiл ақынның шығармашылығы таңдалуына байланысты iс-шаралар өтуде.

Қаныбек Сарыбаев қазақ халқының перзентi. Поэзия пырағын жастайынан ерттеп мiнiп, қилы тағдыр, қиын өткелдерден сүрiнбей өттi, жасын жырларымен жырсүйер қауымның қошеметiне бөленген ақын. Барыс жылының барыс мiнездес перзентi, өжет, өр азулы ақынның арынды жырларынан да барыстың айбарындай айбаты көрiнiп тұрады. Қазақ поэзиясының қазынасын армансыз ақтарып көрген жан ғана оның өлең-өрнегiне зер салып, өмiрi де, өнерi де өзгеге ұқсамайтын сөз зергерi екендiгiне көз жеткiзерi анық.

Қанекеңнiң «өмiрден кетсем де, өлеңнен кетпеймiн» дегенiндей, өлеңдерiнiң өмiршеңдiгiне «Бiр қала – бiр кiтап» акциясы дәлел бола алады. Iздегенге ғана табылатын, зерттегенге ғана сырын ашатын жұмбақ ақынның өз тағдыры қаншалықты қиын өрiлген болса, өлеңдерiнiң тағдыры да соншалықты күрделi болды. Иә, ол поэзиядағы өз замандастарымен бiрге тез танылып, жыр бәйгесiнде үзеңгi қағысып бiрге шапты. Туған жер топырағынан нәр алған ол көптеген кiтаптардың авторы. Оның жиырма алты жасында тұңғыш кiтабы жарық көрдi. Одан кейiн «Отырардың оттары», «Елiм – менiң жүрегiм», «Жүрiп келе жатырмын», «Сезiмдер сарайынан репортаж», «Қызыл керуен», «Қазақия», «Жүрегiмнiң алауы», «Ләззат пен азап» атты жыр жинақтары оқырман қауымға жол тартып жатты. Ақынның қай өлеңiн оқысаңыз да оның өткiрлiгiн, шыншылдығын байқайсыз. Қысқасы жазбашаға да, ауызшаға да бiрдей жүйрiк Қаныбек Сарыбаев өзi айтқандай, Қазақстанның халық ақыны болмаса да, Қазақстанның анық ақыны. Бүгiнде Қаныбек Қабылбекұлының өшпес мұра болып жырлары қалды.

Раушан МАЙБАСАРОВА,

Орталық кiтапханалар жүйесiнiң № 4 филиалының меңгерушiсi. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы