Аудандық мәслихат депутаты болған Шарбан Ералиева Түркістан шаһарының тумасы. 1922 жылдың 8-наурызында өмірге келген кейуана амандық болса келесі айда 98 жасқа аяқ басқалы отыр. Ғасырға жуық жасаған әжей бүгінде батагөй қарияға айналған. Қимыл-қозғалысы, көз жанарының көру мен есту қабілеті аздап сыр бергенімен сөйлеу дағдысы қалыпты.
Тылдағы тіршілікті бастан кешірген бейнеткеш жан уақытында Майшай Әбеновамен бірге «Чапаев» совхозында трактор айдап, қатар еңбек еткен. 1979 жылы зейнетке шыққан ол мақта зауытындағы тындырымды тірлігі үшін су жаңа «Ваз» автокөлігін сыйға алған. Айтуынша, зауыт басшылығының оған деген құрметі мен алғысы әлі күнге дейін жадында.
Ұзақ жасауының сыры ұйқы тыныштығы мен мерзімінде тамақтануында болса керек. Әкесі Мәмбет пен жұбайы Артықбай да сексеннің сеңгіріне келіп дүние салған екен. Өзінен өрбіген үш бала, бір қызынан – 16 немере, 60 шөбере, 10 шөпшек өсіп-өнген. Әулетінің қазыналы қарты атанған ана ұрпағы үшін еңбек адамының үлгісі саналады.
Әжей қарашаңырақта кенже ұлы Ырысбайдың қолында тұрады. Келіні Айымхан болса 40 жылға тарта әжейге қарап, осы жылдар ішінде өз анасындай болып кеткен. «Мені туған қызындай көреді»-деген сөзі ене мен келіннің арасындағы сыйластықты аңғартады.
Шаңырақ иелерінің сөзінше, тыл ардагеріне құрмет көрсетілмейтіндігі қынжылтады. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына қандай да бір көмек беріледі ме деген сұрағына қаржы қаралмаған деген жауап алғандықтарын мәлімдеді. Құлағы ауырлаған аналарына есту аппаратын алып берсе екен деген бұйымтайы бар. Қарттар күні мен халықаралық аналар күнінде құрмет көрсетілсе ол да бір абырой болар еді деген пікірде.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.