
Бұған дейін Түркістан қаласындағы Алпамыс батыр көшесі №19 үйдің тілсіз жау өртке оранғанын «Түркістан» газетінің ресми сайтында хабарлаған болатынбыз. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші қыстың көзі қырауда Әлімхан Назарбековтың отбасы қиын жағдайға тап болды. Осы жайсыз хабарды естіген бойда Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергеновтың ұйытқы болуымен Назарбековтер отбасына «Тегін» қайырымдылық дүкенінен қажетті азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етті. Осы орайда, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергеновпен тілдестік.

– Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы мен қоғамдық келісім кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен 2018 жылы қайырымдылық бағытында «Тегін» дүкенін аштық. Осы тұрғыда қаламыз 16 секторға бөлінген, олардың төрағалары, орынбасарлары, көше билері жалпы саны 300 ақсақал жұмыс жасайды. Осы азаматтар әрқайсысы өздерінің аумағындағы тұрмысы төмен және көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларын әкеліп, оларға әр аптаның сәрсенбі күні қажетті азық-түлік, киім-кешек беріледі. Біздің дүкеніміз тоқтаусыз тұрақты түрде аптасына бір рет жұмыс жасайды. Өткен жылы өртенген 8 үйге көмек қолын создық. Ал, биыл қаңтар айында бір үйдің шатыры өртеніп, ақсақалдардың қамқорлығымен шатыры толық ауыстырылды. Ал, кешегі жайға келетін болсақ, бүгінде төтенше жағдайға тап болған отбасылар бірінші өртке қарсы қызмет мекемесіне, екінші ақсақалдар алқасына көмек сұрап хабарласады. Ия, ешкімнің басына бермесін, «өрт – тілсіз жау» деп жатамыз. Кеше өрттен жапа шеккен Назарбековтердің отбасын қазіргі таңда 20 мың теңге беріп, жалдамалы үйге орналастырдық. Бүгін отбасы мүшелеріне толық азық-түлікпен, қажетті киім кешекпен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Ж.Әзіретбергенов.
