Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев: ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ – ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ

837 көрілім

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев:

ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ – ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ

Қала әкімінің есебі жаңа форматта яғни дүниежүзінде кең қолданысқа енген ең тиімді «TedX» форматында халық алдында есебін беріп отыр. Бұл форматтың тиімділігі – спикерге өлшеулі уақыт беріледі. Сол аралықта қазіргі заманғы қондырғыларды пайдаланып, маңызды мағлұмат беріп, тұрғындармен интерактивті байланыс орнатады. Бүгінгі кездесу міне осындай бағытта өрбіді. Сондықтан бұл жобаны халықпен тығыз байланыс орнату барысында қолданысқа енгізуіміз керек.

Есепті жиынның барысында қала зиялылары тарапынан жақсы пікірлер айтылды. Біз Түркістанды Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының жобасы деп білуіміз керек. Сондықтан әрбіріміз үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз тиіс. Тіпті жауапкершілікпен өмір сүруіміз керек. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа әр барғанымда ол кісі маған «Біз сені Түркістан облысына әдейі жіберіп отырмыз. Онда мен барғанда да Елбасының жобасы деп жүремін. Бұл жерге үлкен сенім артып отырмыз. Сен осыны біліп жүр», дейді. Сол себепті, Түркістанның түлеуін Елбасының есімімен тікелей байланыстырғанымыз жөн.

Түркістанды дамыту үшін бүткіл мемлекеттің ресурсын осы жерге шоғырландырып жатыр. Өздеріңіз көріп жүрсіздер. Былтырдан бері қаншама инвестиция құйылды. Еліміздегі барлық облыстар ауыртпалықтарға қарамай Түркістанға қол ұшын созып, өз өңірлерінің қазынасынан қаржы бөліп, оны тұрғындарының алдында Түркістанға бағытталатын түсіндіріп, халық қалаулылары яғни халықтың келісімін алу үшін тер төгіп еңбек етіп жатыр. Немесе өздеріне бекітілген жобаларға демеушілер тартып, қаржы бөлуде. Бұл оңай шаруа емес. Осының барлығы Елбасының арқасы. Соны терең түсінуіміз керек.

Түркістанға әкім тағайындар кезде мен көп ойландым, бірнеше үміткерлерді қарадым. Соның ішіндегі таңдауымыз түскен Рашид Абатұлын өздеріңіз көрдіңіздер. Біріншіден Түркістанға жаны ашиды деп ойлаймын. Өзі осы өңірде туып өскен, шетелде оқыған, біліктілігі халықаралық деңгейге жеткен жас маман лайықты басшылық етеді деп таңдау жасадым. Қазіргі күні халықпен әр кездесулерде байқағаным осы тағайындау дұрыс болған екен деп ойлаймын.

Енді жұмыс барысына келсек, мұнда барлық тірлік жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Әрине, жаңашылдық бар, белгілі бағыт бар. Атқарылатын шаруалар да аз емес. Айта кетерлігі, негізі біз қаланы дамыту бағытын бөлісіп алғанбыз. Рашид Абатұлы ескі қаланы яғни, 171 мың халық тұрмыс кешіп жатқан шаһарды облыстық деңгейге жеткізуі керек. Жасыратыны жоқ Түркістан бұған дейін аудан деңгейінде болып келді. Мұнда көп салалар артта қалып қойған. Қалада 800 көше болса соның 20 пайызына ғана асфальт төселген. Сарқынды су жүйесі былтыр белсенді жұмыс атқарғанның өзінде 30 пайызға әрең жетіп отыр. Жарықтандыру енді 20 пайызға жетті. Сондықтан алдағы бір-екі жылда осы көрсеткіштерді 100 пайызға жеткізуіміз керек.

Түркістандағы ең өзекті мәселе ол – климаттық жағдай. Жазы өте ыстық, жел тұрып шаң көтеріледі. Ол үшін біз ең алдымен қаланы суландырып, көгалдандырумен айналысуымыз керек. Осы бағытта былтыр бірнеше жобаны қолға алдық. Соны жүзеге асыру үшін біз қаржы мәселесін шешіп, өзге де қолдауларды көрсетіп жатырмыз.

Десе де бұның барлығы Үкіметтің демеуімен жасалатын негізгі жобалар. Сол үшін қаланы көгалдандыру арқылы жайлы климатты қалыптастыруға әрбір тұрғын ауласы мен өзі тұратын көшенің үйіне тиесілі аумағын көгалдандырып таза ұстауы керек. Бұны айтып отырған себебім, осындағы әрбір үйге кірсеңіз ауласында бау-бақшасы жайнап тұрады. Ал, сол үйдің қақпасынан көшеге қарай шықсаңыз айда жүргендей боласыз. Қақпа алды тап-тақыр. Сондықтан көшеге шығайық ағайын. Қала дегеніміз атына лайық кейіпте болуы керек. Осындай нәтижеге жету үшін қала әкімдігінің арнайы жобалары бар. Биыл қаланың жартысын абаттандырып, келбетін көріктендірмекпіз. Өткен жылы 100 көше жөнделсе, осы жылы да 100 көшеге асфальт төсейміз. Әрине, бұл ретте екі жұмыс болмауын ойластыруымыз керек. Демек, газ, су, сарқынды су жүйелері жүргізілген көшелер жаңғыртылатын болады.

Қаланы дамытуда үш маңызды бағыт бар. Бірінші, тарихи-мәдени орталық. Ол жерді қазіргі заманға сай бетон немесе шынымен салуға болмайды. Сол үшін америкалық «SOM» (әлемдегі тарихи-мәдени орындарды жаңғыртуда үлкен тәжірибесі бар компания) деген компаниямен бірлесіп, аталмыш орталықтың жоспарын жасадық. Сондықтан орталықтағы әр үй, әр ғимарат және алаң тарихи негізін сақтайды. Қысқасы мұнда тарихқа ешқандай қиянат жасалмайтын болады. Бұл біздің ұстанымымыз болмақ. Ол жерге туристер келіп, тек қана зиярат жасап қоймай осында демалып, тарихи мағлұматтарға қанығып бірнеше күн болатындай жағдай жасауымыз керек. Екінші, әкімшілік-іскерлік орталық. Көріп жүрсіздер, мұнда жақсы жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта әлеуметтік және мәдени нысандар пайдалануға берілетін болады. Оған қоса елуге тарта тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Ендігі мәселе тұрғын санын арттыру бағытына мән береміз. Үшінші, ескі қаланы қайта жаңғырту. Онымен қала әкімдігі айналысатынын айттық. Одан кейін Түркістанның сыртқы бөлігі. Жайлы климат қалыптастыру үшін қаланы қоршаған жасыл белдеу арқылы көгалдандыруымыз керек. Оған 7,5 мың гектар жерді тазалап, әр ағаштың түбіне су жеткізетін боламыз.

Біздің алдымызда үлкен мақсат тұр. Қаланы гүлдендіріп, көгалдандырып тіпті климатты өзгертеміз. Бұны болады деп ойлаймын. Сол іске кірісіп, өздеріңіз білетіндей су келетін каналдарды жөндеп, талапқа сәйкестендіріп жатырмыз. Бөген су қоймасынан 145 шықырымды құрайтын «Арыс-Түркістан» каналын түгел бетондап, суды ысырапсыз жеткіземіз. Одан бөлек, Түркістан мен Кентаудың ортасынан Қосқорған су қоймасын және қаланың төмен жағында сыйымдылығы 500 миллион текшеметр болатын Шошқакөл су қоймасын саламыз. Міне, осы жобаларды іске асырсақ облыс орталығының тұрғындары жанға жайлылықты сезінетін болады. Ол үшін көп болып жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Қорыта айтқанда мен де осы қаланың тұрғыны ретінде әкімнің есебін қанағаттанарлық деп есептеймін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы