Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебі былтыр Елбасының қатысуымен пайдалануға берілген «Ақжайық» музыкалық мектебінде өтті. Халық алдындағы есеп беру жиынына облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлімдер мен құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық ақсақалдар алқасы, қалалық ардагерлер ұйымы, әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер, денсаулық сақтау және білім саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Биыл қала әкімі Рашид Абатұлының жылдық есебі жаңа форматта өткізілді. Жиынды қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаев ашып, бүгінгі кездесудің ерекшелегін айтып, қалалық мәдениет үйінде тікелей телекөпір арқылы көрсетіліп, кері байланыс орнату мақсатында онлайн түрінде жүргізіліп отырғанын, сонымен қатар, жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Осылайша бастау алған жиында мінберге шыққан қала әкімі Рашид Аюпов 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және алда тұрған міндеттерге тоқталды. Рашид Абатұлы есепті тек қағаз бен санға сүйенбей, бүкіләлемдік деңгейде өтетін «TedX» жаңа форматында жүргізді. Әр саладағы атқарылған мәліметтер мен сандарды тұсау кесерде ғана көрсетіп, көбіне осы жылы халық игілігіне жасалынатын тұстарға көбірек көңіл бөлді.
«Өткен жылы Түркістан бүкіл әлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болды. Бұл тек республика ішінде ғана емес, халықаралық туристер орталығына айналуға жасалған маңызды қадам. Бір жылда 120 елдің 1000-нан аса қаласымен тәжірибе алмастық, жарнама жасауды үйрендік. Жаһанкез саяхатшыларға әлемнің тағы бір кереметі Түркістанда екенін айтып, қонаққа шақырдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші Консультативтік кездесуінде: «Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіп жатқанын» атап өтті. «Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын», – деген еді.
Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі біз үшін, яғни қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік», – деді қала әкімі Рашид Аюпов.
Қала басшысы ең алдымен қоғамдағы өте өзекті – әлеуметтік қамту мәселесіне тоқталды. «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша былтыр 22 мыңға жуық өтініш қабылданып, 16 мыңдай отбасыға көмек берілді. Ал, жаңа тәсіл бойынша биыл 20 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілмек.
Рашид Абатұлы жергілікті халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту инструмент-терінің бірі – туризм саласына тоқталды. Ендігі мақсат – туристік кластер құру арқылы, қаланың шынымен де рухани астана екенін көрсету. Қалай болғанда да рухани азықтың негізі кәдімгі материалдық қажеттіліктен құралатынын мойындау. Яғни, жайлы жатын орын, ыңғайлы көлік, сапалы байланыс, тамақтану және көңіл көтеру орындары болмаса және осы бағытта сапалы қызмет көрсете алмасақ ешқандай турист бізге келмейді, ал келгендері жақсы жарнама жасамайтынын атап өтті.
Биылғы жылдың қыркүйек айында түркі мемлекет басшыларының Саммиттін Түркістанда өткізілетін болып, дайындық жұмыстары басталып та кетті. Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі біз үшін, яғни қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Бұл Саммитке көптеген турист келеді деп ойлаймыз. Және де осы жерде басты назарда ұстайтын мәселе: біз туристерді тек мәдени нысандарды көрсетіп мақтану үшін емес, олар өз қаржыларын жергілікті халықтың қызметіне төлеп, табыс әкелу мақсатын да көздеуіміз қажет. 2020 жылдың қыркүйек айына дейін әлемдік деңгейде аты шыққан 5 қонақ үй кешендерін іске қосу жоспарда бар. Қай қайсысы да инвестиция тарту арқасында жүзеге аспақ, ал оның мөлшері – 12 млрд 200,0 млн теңге болмақ.
Айтып кеткен қызмет көрсету мен тауар ұсыну жергілікті кәсіпкерлік секторын дамытпай мүмкін емес. Әр қаланың, ауылдың, кез-келген елді-мекеннің негізін қалайтын – орта және шағын бизнес. Ол деген тұрғындарға тұрақты табыс, жұмыс орны, ал мемлекет үшін салық және арнайы төлемдер. Бүгінде қаладағы тұрғындар саны 170 мыңның төңірегінде, үлкен зауыт, фабрикалар салу еңбек күші жағынан тиімсіз. Сондықтан орта және шағын шаруашылықтарды дамытуды қолға алу керек. Атқарушы органдардың, яғни әкімдіктің де басты назарда ұстайтын бағыты осы болмақ.
Өткен жылы Түркістанда жаңа 2 кәсіпорын іске қосылып, жалпы саны 41-ге жетті. Ал шағын шаруа, жеке кәсіпкерлер 10 мыңнан асты. Бұл 25-26 мың адам жұмыспен қамтылып отыр деген сөз. Көрсеткіш жақсы, қаланың әрбір алтыншы тұрғыны мемлекеттік емес салада жұмыс істейді. Дегенмен шағын, орта бизнесті қолдау әрі қарай жалғаспақ. Осы мақсатта «Ontustik» индустриалды аймағы мен сауда-логистикалық орталықтары құрылған. Сауда аймағы биыл тағы кеңейтіліп, халықаралық стандартқа сай жағдай жасалып қана қоймай, жыл соңына дейін жеңілдетілген тарифпен электр қуаты және табиғи газ тартылады. 2019 жылы өңірімізге келген 9 жоба іске қосылып, тағы 700-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім беру мекемелері арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін автоматтандыруға арналған Е-ORDA платформасының конфигурациясы арқылы «INDIGO: электрондық балабақша», «MINDAL: қосымша білім берудің электрондық жүйесі», «SAKURA: электрондық мектеп», «TEMIR: орта білім беру ұйымдарының педагогтарын конкурстық іріктеудің электрондық жүйесі» іске қосылды.
Міндетті түрде айтылуы қажет мәселелердің бірі – оқушылардың қауіпсіздігі. «Қауіпсіз мектеп» жобасына сай мектептерде бейнебақылау нүктелерін көбейту, сыртқы қоршауының құрылысы, ішкі әжетханалардың талапқа сай болуы биылдан қалмай толығымен қала бюджетінің есебінен жасала бастайтын болады. «SmartMektep» жобасы арқылы оқушылардың кірген-шыққаны автоматты түрде тіркеліп тұрады. Мектеп іші жаңалықтар мен хабарландыру-лар таратылуы да электронды түрде жүзеге аспақ. Ал әр ата-ана баласының үлгерімі, мектеп іс-шаралары жайлы ақпаратты үйде отырып-ақ телефоны арқылы біле алатын болады.
Қала әкімі аптасына бір мәрте жастармен кездесуді бір жолға қойған. Еркіндік, мүмкіндік және қолдау. Осы үш нәрсені беруге әрдайым дайын екенін жеткізетін Р.Аюпов олардың идеяларын, ойларын тыңдап, бірге жаңа жобалар бастауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Қалада қазір 900-ден астам ерікті мен белсенді жұмыс атқаратын 21 еріктілер тобы бар. Және жастардың бастамасымен «Taiqazan» қайырымдылық дүкені ашылып, мұқтаж жандарға киім-кешек пен азық-түлік таратылып, қыстық отын беріліпті. Олардың басын біріктіріп, биыл құрылатын «ASAR» да әлеуметтік жағдайы төмен жерлестері-мізге қол ұшын созбақ. Олардың көшбасшы-сы қала әкімінің жақында штаттан тыс кеңесшісі болуға келісім беріп, осы жолда атқарылар жобалар бойынша көмек көрсететін болады.
Рашид Абатұлы өз сөзінде, бастауға ниетті кәсіпкерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларына тереңінен тоқталып өтті. Қаланың басты күрделі мәселелерінің бірі жыл жүйесін де айтып өтті. Бұл жөнінде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жүйесі, қамту аймағының өлшеміне байланысты айтарлықтай басқа жүйелерге әсер етпейді екен. Бірақ, қатты отынмен жұмыс істеп тұрған қазандықтардың біздің өміріміздің сапасына әсері бар.
Сондықтан, биыл орталық жылу қазандығы және қаланы түтінмен ластайтын басқа да жылу қазандықтары табиғи газға ауыстырылады. Және осы қыста мәселе туғызған І-ІІ мөлтек аудандарындағы жылу жер асты құбырларын ауыстыру жоспарланған. Осылайша көпқабатты үйлерді жылыту нормаларының сақталуын қамтамасыз ететін болады.
Қала тұрғындарының демалып-тынығу, жанұя-жолдастарымен жүздесуге ыңғайлы жерлердің саны артып, орталық көшелер бойынан 10-ға жуық көгалдар, скверлер мен аллеялар салынды, саябақтар күрделі жөндеуден өтті. Қаланы толығымен көгалдандыру үшін «Арыс-Түркістан» магистралды каналынан тартылатын арықтар қайта жаңартылып, көшелерге суаруға мүмкіндік жасалды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Бүгінде темір жол вокзалының аумағы қала әкімдігінің балансына алынып, биыл халықаралық вокзал ретінде қайта толық жөндеуден өтеді. Ал, былтыр құрылысы басталған «Тұңғыш Президент саябағы» мен Б.Саттарханов даңғылындағы аллея, «Орталық саябақ» биыл пайдалануға беріледі. Қаламыз күндіз сұлуланғанымен, кеш бата басым бөлігі тас қараңғы болып тұрады. Ал көше жарығы тек сән үшін емес, қауіпсіздік үшін аса маңызды. Өкінішке қарай, қазір қала көшелерінің 18 пайызында ғана жарық бар. Биыл күрделі жөндеуден өткен 30 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, алдағы 3 жылда қаланы толық жарықтандырылу көзделуде.
Атқарылар жұмыс сапалы болу үшін білімнің де сапалы болуы шарт. Білімді ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ кепілі. Бұны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Бүгінде қаладағы 37 мектепте 41 691 оқушы білім алады. Арасынан топ жарып, 2019 жылы 32 оқушы үздік аттестатпен, 91 оқушы алтын белгімен бітірген. Түркістан қаласы оқушылары республикалық пәндік олимпиаданың үшінші облыстық кезеңінде облыс көлемінде 1-ші орынды иеленді. Бұл мақтан тұтарлық көрсеткіш. Дегенмен, білім заманға сай жаңашылдықты талап ететін салалардың бірі. Баланың болашақ жетістіктері сабақ жаттау деңгейіне емес, жаңа ілімге ашық болуына, қоғамға бейімделу қасиетіне, ақпаратты саралап-сараптай білуіне тікелей қатысы бар. Осы орайда, білім сапасын арттыру және әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды қолдау мақсатында «Кембридж лайн» мектебі және қалалық адами капиталды дамыту бөлімі арасында білім берудің жаңа стандарттарын орта мектептерге енгізу туралы меморандум жасалған.
Кез-келген урбанист, яғни қала салушылардың басты мақсаты «қала көлік үшін емес, қала адам үшін» деп аталады. Бұрын Түркістан шағын қала ғана болса, қазір облыс орталығы деген мәртебесі бар. Тез арада жан-жақты дамып, Түркістанға көшіп келушілер саны артатыны сөзсіз. Осы мақсатта, тамыз айында Түркістан облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 18 электробус алып, муниципалдық автопарк ашуды жоспарлап отыр.
2020 жылдан бастап қала көлеміндегі жолақы тарифі 70 теңге болып өзгергені мәлім. Және ол бағаны өсіру үшін емес, тасымал сапасын жақсарту үшін өзгерді. Қазіргі тасымалдаушы компаниясына бірнеше талаптар қойылған. Осы қалаішілік қоғамдық көлік бойынша тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің көптеп келіп жатқанын айтты. Келісім-шарт бойынша, тасымалдаушы компания бюджеттен халыққа жасаған жеңілдіктердің қаржылай қайтарымын және жұмысын дамыту үшін субсидия алады. Ал аталмыш талаптар орындалмаған жағдайда, айыппұл белгіленіп, бөлінетін қаражат азая түседі. Осылайша, бұл саланы да ретке келтіретінін, олай болмай жатса басқа тасымалдаушы компанияларымен бірлесіп жұмыс атқаруға мүмкіндік алатын болады.
Биыл, қала газ және сарқынды су жүйелерімен қамтамасыз етіліп, автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарын да аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, 128 шақырым болатын 100 көшеге асфальт төселеді. Әзірге орталыққа іргелес аумақтардан бастап, ары қарай газ тартылып, канализация жүргізіп болған көшелерге жағалай асфальт салынатын болады. Ал биыл асфальт жетпейтін көшелерге сарқын су мен газ құбырлары тартылған соң шағыл тас төселіп, жаяу жүргінші жолы салынады, топырақ көшелер мүлдем болмайды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін өте маңызды мәселе. Осылайша, бірінен кейін бірін ретке келтіру жұмыстарын қолға алып, 3-4 жылда қаламыздың жолдарына толықтай асфальт төселетін болмақ.
Қаламыздың өзекті мәселеcінің бірі қылмыс. Өткен жылы жалпы 1261 құқық бұзушылық тіркеліп, 2018 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға азайған. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында орнатылған 200 бейнекамераның бұл көрсеткішке оң әсерін тигізуде.
Қала әкімі Рашид Аюпов былтырғы және алда атқарылар жұмыстарын қорытындылай келе сөз соңында: «Халқымызда «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген қанатты сөз бар. Қашан да ішкі ынтымағы жарасқан ел озады. Сондықтан осы жылда әкімдікке қарасты қандай да жоба жайлы барынша ашық ақпарат беріп тұруға сөз беремін. Бұған қоса, ырысымызды нығайту жолында жаңа бір пилоттық «Ашық бюджет» жобасын бастамақшымыз. Іске асыру барысында жергілікті халықтың қала бюджетінің нақты бір бөлігін қандай жобаларға, қай салаларға жаратылғанын қалайтынын анықтайтын боламыз. Біз – тек атқарушы органбыз. Халықтың қалауын тыңдап, бірлесіп, жұмысымызды атқаруға дайынбыз!»,- деген Рашид Абатұлы бөлім басшыларын ортаға шақырып, келушілерге таныстырды. Осы күнге дейін ел игілігіне деп қызмет атқарып жүрген барлық әкімдік қызметкерлеріне және қолдау көрсетіп келген қала тұрғындарына алғысын білдірді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.