ҒАЗИЗ ҮШ БҮЛДІРШІНДІ АЖАЛДАН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

1  890 көрілім

Кеше Түркістан қаласындағы Әлімхан Назарбековтің иелігіндегі Алпамыс батыр көшесі №19 үй тілсіз жау – отқа оранған. Түс ауа орын алған оқиғаны алғашқылардың бірі болып, көршісі Ғазиз Нысанқұлов көрген. Осы сәтте үй ішіне ентелей ұмтылған Ғазиз балалардың даусын естіп, қызыл жалыннан қаймықпай үйдің терезесінен еніп, 2014, 2015, 2017 жылдары туылған бүлдіршіндерді құтқарып алған.


Іле-шала оқиға орнына жеткен Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері отты ауыздықтағанымен жалпы көлемі 100 шаршы метр үйдің 70 пайызы зақымданған. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау майоры Бақытжан Мұздақбаевтың мәлімдеуінше 6 ақпан күні сағат 16:33 минутта Түркістан қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне белгісіз азаматтан қоңырау түскен. Хабарлама түскен соң, 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 12 қызметкер жұмылдырылып, 7 минутта оқиға орнына жетіпті. Атап өткендей, үйдің негізгі бөлігін от шарпыған.


Отағасы Әлімханның жұбайы Райхан Дәуленбаева өзге қалаға бірнеше күндік (вахта) жұмысқа кеткен. Өзі тұрмыс қамымен базарда жұмыс жасайды. Үйінде қызы мен екі немересі болған. Үлкендері мектеп қабырғасында дейді. Бүгінгі күнде Әлімхан Назарбеков үйі жарамсыз күйде болғандықтан, отбасы мүшелерімен туыстарының үйін паналауда.


Айта кетерлігі, қыс ауасында баспанасынан айрылған отбасыға киім-кешек және төсеніштерін алуға Ақсақалдар алқасы қолдау көрсетпек. Жергілікті билік те мәселені ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы