АБАЙ МҰРАЛАРЫ – РУХАНИЯТ МӘЙЕГІ

858 көрілім

Биыл туғанына 175 жыл толғалы отырған Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұраларын насихаттауда елімізде түрлі әдеби-мәдени шаралар өтетіні белгілі. Дүйім дүниеге аты мәшһүр хакім Абайдың шығармалары да бірнеше тілдерге аударылып, қайта жаңғырмақ. Бұл өз кезегінде еліміздің руханиятының дамуына үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының жарық көруі Ұлы ойшылды таныған үстіне тани түсуімізге мол мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл мақала Абай мұрасына жаңаша қарау керектігін де аңғартты.

Абай жайлы айтқанда оның жаһанға танылуына мол еңбек сіңірген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің де атын айтпай кетуге болмайды. «Абай жолы» эпопеясын дүниеге әкелуі бұл жазушының Ұлы ақынға орнатқан баға жетпес ескерткіші екені айқын.

Абайдың қара сөздері мен өлеңдері мол рухани қазына десек, оның аудармаларының да шоқтығы биік дүниелер екені айқын. Осы ретте оларды кеңінен талдап, насихаттау да Абайды тани түсуімізге жол ашпақ. Ұлы ақынның мұраларын жалынды жастар арасында тани түсуі үшін Мемлекет қайраткері, тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов музейі ұжымы да игі іс-шараларды қолға алғалы отыр. Олардың қатарында Абай қарасөздерінен қала мектептерінің оқушылары арасында монолог оқудан сайыс және ақын термелерінен жарыс сынды іс-шаралармен қоса, музейде мектеп ұстаздарының Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптарда дәріс өткізуі де бар. Бұл өз кезегінде Ұлы ақынның рухани мұраларын өскелең ұрпаққа жеткізуде музейдің алға қойған мақсаты деуге болады.

Иә, Ұлы ақынның мұралары таусылмас рухани қазына. Ол уақыт өткен сайын асылдана түседі. Оның қадіріне жету баршамыздың міндетіміз.

Нұрболат НЕСІПБАЕВ,

Нәзір Төреқұлов музейінің қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы