ӨҢІРІМІЗДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА

1  266 көрілім

 Бүгін Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы 6 ай ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

  Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың айтуынша, бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штаттық саны – 7155, олардың ішіндегі нақты саны – 6668, ал бос лауазымдар саны – 487 бірлік. Сондай-ақ, есептік кезеңде 1358 бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға  конкурс жарияланғанын және ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші төменгі лауазымдардан жоғары лауазымдарға тағайындалып, мансаптық өсу көрсеткіші 67,2 пайызды құраған. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 мемлекеттік орган басшысы қызметінен босатылған. Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі мемлекеттік қызмет саласында көзделген еңбек тәртібін сақтамағаны үшін жыл басынан бері 16 қызметкерге хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынған.

  Ал, облыс бойынша көрсетілген қызметтердің электронды түрдегі үлесі 88 пайызды құрап, өңірде студенттерге арналған 68 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 300 мыңнан астам адамды қамтыған 1700-ге жуық шара ұйымдастырылғанын да ерекше атап өтті.

  «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында 6 айдың қорытындысы бойынша облысымызда 818 «Адалдық дүкендері» ашылып, 438 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алып, облысымыздағы жоғары қабатта отырған 316 мектеп директорларының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1-қабатқа орналасқан.

  Ал, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұловтың мәлімдеуінше, аталмыш филиал өңірдегі мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейту, қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлауды жүзеге асыруда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Нақты айтсақ, 5 қайта даярлау курсы мен 20 біліктілігін арттыру семинарында  646 мемлекеттік қызметші арнайы оқытылды. Бұған қоса, ақысыз семинарларда 279 қызметкерлер оқытылса, жалпы биылғы жылда 1092 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған. Аталмыш филиалда қала, аудан әкімдері мен орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен баспасөз хатшылары білім алды.

  Айта кетерлігі, жақында агенттік пен қала әкімдігінің бірлесуімен ондағы қызметкерлердің құзыретін бағалайтын тест өткізілген болатын. Бұл тұста, жақсы нәтиже көрсетпеген қызметкерлер жұмыстан босатылмайды, керісінше, олардың төмен деңгей көрсеткен тұстары бойынша жан-жақты оқытып, шыңдамақ. Алда, аталмыш департаменттен бастап, өзге де мемлекеттік органдарда осындай тестілеу өткізіледі деп жоспарлануда.

   Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы