«Қаланы қауіпсіз және таза қалаға айналдырамыз». Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов түркістандық жастармен кездесуінде тілге тиек етті. Облыстық жастар ресурстық орталығында өткен жиында қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар қала басшысымен жүздесіп, өздерінің ұсыныс пікірлерін ортаға салып, көкейкесті сауалдарын қойды.
Шарада жастарды көп толғантқан рухани шаһардағы қоғамдық көліктің жай-күйі, қалалық жастар ресурстық орталығында мамандардың тапшылығы мен орналасқан ғимараттарының сын көтермейтіндігі айтылды. Сонымен қатар, адамды құрдымға сүйрейтін букмекерлік кеңселерді түпкілікті жою немесе қала орталығынан көшіру жағы сөз болды. Түркістаннан түлеп ұшып әлем таныған жастардың энциклопедиясын дайындау керектігі жайында ұсыныс білдірілді. Бір жасқа аяқ басқан облыс орталығын әлемге таныту әрі туристерді Түркістанға тарту мақсатында әлеуметтік желімен белсенді жұмыс жасап, түрлі роликтер түсіру, сондай-ақ халық қалаулыларымен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерімен көптеп кездесулер ұйымдастыруды қолға алу керектігі айтылды. Елді дамытатын мәдениет пен спорт саласы екендігі баршаға мәлім. Осы ретте қаламыздан Жастар театры бой көтерсе, әлемдік додаларға баратын спортшыларға қолдау мен демеу білдірілсе деген ойларын жастар еркін жеткізді.
Келелі кездесуде айтылған орамды ойлар мен пікірлерді байыппен тыңдаған Рашид Абатұлы алдағы уақытта қалада апта сайын оң өзгерістер болатындығын атап өтті. Қойылған сауалдарға тұщымды жауап беріп, әлеуметтік желіде белсенді болуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттады. Елдің болашағы жастардың қолында екендігін баса айтып, білімді болуға, тіл үйренуге үндеді. Еркін форматта өткен кездесуге көңілдері толған жастар шаһар басшысының жұмысына сәттілік тілеп, естелік суретке түсіп, алғыстарын білдірді.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».




