ЕЛ ТІЛЕГІ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

710 көрілім

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи жарлығымен Түркістан қаласы жаңа облыстың орталығы ретінде бекітілуі көптеген ауқымды бастамалардың қолға алынуына үлкен ықпал етті. Бүгінгі таңда бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатқаны бәрімізге мәлім. Мемлекетіміз үшін Түркістан қаласын дамыту қадамының маңызы ерекше болып отыр. Бұл өз кезегінде 2000 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа келбетін танытқалы тұр. Өткен жыл қала тұрғындары үшін де бергені мол, берекелі жыл болды.

Қала әкімі Р.Аюповтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті баяндамасымен оқып таныстым. Мұнда шаһарымыздың экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында толық мәліметтер айтылған. Атап айтар болсақ, білім бағыты бойынша «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры, «Кембридж лайн» мен адами капиталды дамыту бөлімі арасында білім беру үдерісін жалпы орта мектептерге енгізу бойынша меморандум түзілді. Оқу жылындағы қуанышты жаңалықтың бірі-Республикалық пәндік олимпиаданың үшінші облыстық кезеңінде Түркістан қаласы облыс көлемінде I орынды иеленді. Химия пәнінен қатысқан 11 сынып оқушысы Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана халықаралық университетінің 100 пайыз грантын жеңіп алса, математика пәнінен қатысқан №22 жалпы орта мектептің оқушысы Қазақстан Британ университетінің 30 пайыз грантына ие болды. Киелі мекеніміздің осындай білімді жастарына алдағы уақытта да тек сәттіліктер тілейміз. Білім- тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күре тамыры.

Ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар мен ата-ананың басты міндеті. Бүгінде жан-жақты білім аламын деген жастарға мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Жетістікке жетер жолдың бастауы-мектеп, сол мектепте берілген білім жеткіншектің бар тірлігінің қайнар бастауы болып табылады. Бүгінгі жас болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың біліміне, талабына көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің ізбасарларының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.

Рухани астанамыздың өсіп-өркендеуі тек Қазақстанның мәртебесін көтеріп қана қоймай, күллі түркі дүниесінің абыройын асырары анық. Ғасырлардың тереңінен тамыр тартқан қасиетті өлке әрбір атқан күннен үміт күтіп, әр таңды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Қасиетті мекеніміздің келешегі кемел, ертеңі еңселі боларына біз кәміл сенеміз.

Айгүл ТІЛЕПОВА,

«Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының» директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы