Түркістан қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Рашид Аюпов кәсіпкерлермен шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Онда шаһар басшысы қала кәсіпкерлеріне 2020 жылы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Алдағы уақытта Түркістанда бірнеше саябақтар салынатындығын, оның ішінде халықты көптеп тарту мақсатында кәсіпкерлер коммерциялық бағытта өз кәсіптерін ашуды қарастыру керектігін жеткізді. Бұл саябақтардың құрылысы алдағы наурыз айынан бастап жүргізілетінін, оған 133 техника мен 1440 адам жұмысқа тартылатынын айтты. Сонымен қатар, саябақта төселген шөптерді (газон) айына 2 рет кесіп отыру, наурыз айынан бастап ағаш егу жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті.
– Түркістан қаласының жылдық бюджеті 4 млрд теңге, қаланың қазынасы яғни қала кәсіпкерлерінің арқасында қаланың экономикасын көтеруге болады. Сондықтан қаладағы әрбір ғимаратты безендіру арқылы келген қонақтардың естерінде қалатындай қаланы туризмнің орталығына айналдыру міндеті тұр. Осыған дайын болсаңыздар жұмысты бастайық. Ғимарттардың түнгі көріністеріне ерекше мән беріп, әсем де көрікті болуы шарт, сонда ғана біздер халықаралық деңгейдегі қалаға айналамыз, – деген қала басшысы соңғы үлгідегі технологияларды пайдалану, келген қонақтарды таңғалдыру арқылы жетістікке жететінімізді, ойларыңыз да соған лайықты болу керектігін айтты.

Қаладағы Б.Саттарханов даңғылының ұзындығы 5,2 шақырым, осы көшенің бойындағы орналасқан ғимарттардың күндізгі және түнгі көріністерін алдағы уақытта қалай болатындығы туралы слайд арқылы жобаларымен таныстырып, сол бағытта бірлесе жұмыс жасауға қала кәсіпкерлерін шақырды. Жиын соңында кәсіпкерлер тарапынан қала әкімі Р.Абатұлына өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, оған жауап берілді. Сонымен бірге, жиналысқа қатысушылар алдағы уақытта қала кәсіпкерлерінің қауымдастығын құруға уағдаласып, айына бір рет кездесу өткізетін болып тарқасты.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
