КӨЗІҢІЗГЕ ЕМ ІЗДЕСЕҢІЗ АЛЫСҚА САБЫЛМАҢЫЗ

1  111 көрілім

Көзіңізде катаракті байқалса ота жасатам деп енді Шымкент, Алматы аспайсыз. Себебі, Түркістан қалалық орталық ауруханасында көз микрохирургия бөлімшесі соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Енді «факоэмульсификация катаракты» отасы орталық ауруханада жасалады. Бар болғаны 2,5 мм кескінмен 7-10 минут ішінде операция жасалып, көзіңіздің көру деңгейін 100 пайызға дейін жақсартуға болатынын алға тартады дәрігерлер.

– Бұл көз ауруын бұрындары кесіп, тігіп операция жасайтын. Ол көру қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғатын. Ал, қазір заман талабына сай жаңа құрылғылар бар, лазермен науқасқа еш зиянсыз жасалып, нәтижесі де бірден білінеді. Катарактіге көп шалдығатындар 50 жастан асқандар. Бұл дерт жанардың ішіндегі кристальниктің бұлдырлануынан туындайды, – дейді көз микрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Ауашев.

Мұнда осы апта ішінде 5 адамға ота жасалыпты. Солардың бірі Ази Бименова. Ол операцияны жасатуға Сарыағаштан арнайы келген. Дәрігерлердің жұмысына дән риза. «Көзім көріп, өмірге қайта келгендей болдым»,- дейді ана. Асқар Сапарұлының сөзіне сүйенсек науқастың жағдайы қазір жақсы, отадан кейін 50 пайыз көріп тұрғандығын айтып, араға апта салып 100 пайыз жақсы көретіндігіне сенім білдіріп отыр. Айта кетерлігі, операция жасатсаңыз бір жеті ішінде толықтай айығып кетесіз.

– Елбасымыз айтқандай жаһандану дәуіріндеміз. Күнделікті тіршілігімізде компьютер мен телефонға тәуелдіміз. Десе де көгілдір экранның алдында көп отыратын жандарға айтарым, көз күтімін әрдайым қадағалаған жөн. Әр екі сағат сайын көзіңізді демалдырып өзіңізге үзіліс жариялаңыз. Шәй немесе кофе ішіп, 20 минут демалыңыз. Ал, балалардың телефонға тәуелділігі қазіргі таңда өте жоғары. Ұл-қызыңыздың дені сау, көру қабілеті жақсы болсын десеңіз белгілі уақытпен ғана қолдануын қадағалаңыз. Мәселен, 1-4 сыныпта оқитын мектеп оқушыларына телефонды қарау уақыты 20-30 минутқа дейін рұқсат етілсе, 4-8 сынып арасында 1 сағатқа ғана рұқсат беру қажет. 8-11 сыныпта дәріс алатындарға 1,5 сағат тұтыну керек. Көктем мен жаз мезгілінде ультракүлгін сәуледен сақтануды да естен шығармаңыз, – дейді Асқар Сапарұлы.

Көз – адам денесіндегі маңызды мүшелердің бірі. Адам баласы қоршаған ортадағы ақпараттың 93 пайызын көзімен қабылдайды екен. 584 мегапикселді құрайтын теңдесcіз адам денесіндегі бұл мүше алмада көп кездесетін «А» дәруменін жақсы көреді. Сондай-ақ, суға қайнатылған және бұқтырылған балықта болатын фосфор мен теңіз өнімдерінде кездесетін «омега» майы көздің көру қабілетін арттырады. Мамандар көру құралыңыз сау болсын десеңіз, жеміс жидекті көп тұтынуға кеңес береді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы