ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ КАДРЛАРЫН ДАЙЫНДАУҒА КІРІСТІК

1  278 көрілім

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, ғалым-ұстаз Айдос Кенжеханұлы Абпазовқа жолығып, білім ордасындағы жаңалықтармен бөлісуін сұрап, сұхбат құрып едік.

– Алдымен өзіңіз басқарып отырған колледж жайлы тоқталып өтсеңіз?

– Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің іргетасы 1935 жылы қаланып, педагогикалық техникум негізінде жұмысын бастаған. Осы аралықта 40 мыңға жуық білікті де тәжірибелі кадрларды дайындап шығарды. Біз бұл көрсеткішпен әрқалай мақтана аламыз. Колледжде 110 тәжірибелі инженер-педагог мамандар және екі өндіріс оқыту ұсталары жұмыс істейді. Атап айтсақ, 1 тарих пәндері кандидаты, 30 магистр, 5 магистрант бар. Колледжде 3 бөлім және 6 пән әдістемелік бірлестігі құрылған. Мамандықтар бойынша білім алатындардың сапалы оқуы үшін 37 оқу кабинеті, 9 оқу лабораториясы, 11 оқу өндіріс шеберханалары жұмыс істейді. Колледжде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, негізгі орта білім, туризм, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша мамандықтар дайындалады.

– Биылғы оқу жылынан туризм саласы кадрларын дайындауға бастапқы қадам жасадыңыздар. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Иә, солай. Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы мәртебесіне ие болып, қалаға келетін туристер саны жыл сайын 5-7 миллионнан асуы жоспарланып отыр. Осы тұста біз түркі жұртының қасиетті мекеніне келетін туристер легін әлемдік стандарттарға сай қарсы алатын, қызмет көрсететін кадрлар дайындауға ҚР Білім министрлігі мен облыстық білім басқармасымен ақылдаса келе кірістік. Оқу мерзімі 2 жыл 6 ай және 3 жыл 6 ай. Колледжімізді туризм саласы бойынша бітірген студенттер туристік агенттіктерде, туристік фирмаларда, экскурсия бюроларда, музейлерде, қонақ үйлерде менеджер, ресепшионист, экскурсовод, сату және брондау жүйесі операторы ретінде жемісті еңбек ете алады. Бұл жаңалықтар жайлы министрліктен толық мәлімет келгеннен кейін тағы да хабардар етеміз.

– Сұхбатыңызға және тұрақты оқырманымыз ретінде ұйымдастырушылық көмегіңіз үшін рахмет.

Рузиахун МАДАЛИЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы