Түркістан қаласы 2019 жылдың қараша айында «Біріккен қала және жергілікті билік» атты ұйымға мүше атанған еді. Сол сәтте шаһар басшысы Р.Аюпов өз сөзінде: «Бір жыл ішінде облыс орталығы әлемнің 120 елінің мыңнан аса қаласымен тәжірибе алмасып, тегін жарнама жүргізуіне ықпал етеді. Бұл туристердің көптеп келуіне үлес қосып, кәсіпкерліктің кең етек жаюына үлкен септігін тигізеді»,- деген болатын.
Бүгінде осы қол жеткізген жобаны ел ішінде насихаттау шаралары жүргізілуде. Әрине, әрбір игілікті істен әуелі тұрмыстың түзелгенін қалайтын халық үшін бұл жобаның берері көп. Дегенмен ондай жетістікке жету жолында алдымен өз мәдениетімізді арттырып, келушілерге қолайлы жағдай жасау қажет. Сейсенбі күні қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кеш осы мақсатты меңзейді.
Атап айтсақ, жиынның шымылдығын түрген облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов қаламыздың шежірелі тарихына тоқталып, қазіргі таңдағы орындалып жатқан мақсатты істерге өз ризалығын білдірді. Бұдан өзге, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұсахан Дүйсекейұлы, ақын Нұрмахан Назаров, профессор Сейдулла Садықов, ақын Зейнулла Еркебалаев, «Түркістан» қалалық газетінің директор-редактордың орынбасары Ләззат Сарыбаева, филология ғылымдарының кандидаты Бекжігіт Сердәлі, қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шәмет және өзге де зиялы қауым өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді.

“Бүгінгі іс-шараның орны ерекше. Құттықтау сөз сөйлеп, тілектерін білдіріп жатқан әрбір азамат Түркістан үшін туылған жандар десем артық айтқандық емес. Бұл рухани орта, рухани астана. Қала әкімі Рашид Аюпов Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласындағы дүниежүзілік саммитке қатысып маңызды құжатқа қол қойды. Нәтижесінде, қаламыз бүкіләлемдік ұйымға мүше болды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде әлем жұртшылығы көз тігіп отырған қаламыз күн санап көркеюде,- деді профессор Сейдулла Садықов.
Сондай-ақ, ақын Зейнулла Еркебалаев:
«Кеудесінде ізгілік бар,
Кеудесінде ұят бар.
Тұрады мұнда тектілерден қалған асыл тұяқтар,
Қанша хан мен қанша бидің жерленгенін осында,
Білгің келсе ой түюге тарих бетін жиі ақтар»,- деп «Түркістан» атты туындысын мерейлі күнде көпшілік назарына ұсынды.
Баршаның қуанышы болған маңызды күн аясында ұйымдастырылған кеште қаланың сұлу табиғаты бейнеленген бейнероликтер көрсетіліп, рухты әндер шырқалды. Айта кетейік, қала әкімінің сөзіне арқау болған Түркістан қаласы әлемнің 120 елінің мыңнан аса қаласымен тәжірибе алмасып, тегін жарнама жүргізуіне қолдау жасалса тұрғындардың тұрмысын тәуірлей түсетіні анық.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».