“ASAR” – ЕРІКТІЛЕРДІ БІР АРНАҒА ТОҒЫСТЫРДЫ

1  750 көрілім

   ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Түркістан қаласында қазіргі таңда 900-ден астам ерікті мен 21 белсенді жұмыс атқаратын еріктілер тобы бар. Сондықтан, «Жастар жылының» жалғасы ретінде сабақтаса көрініс тапқан биылғы жылда волонтерлардың қатары тағы да арта түсері анық.

  Қала әкімі Рашид Аюпов жуырда ғана  облыс орталығының жалынды жастарымен кездесуінде еріктілер тобын құру туралы ұсынысын айтты. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бағытындағы жоспарлы жоба екені белгілі.

    Жақсылыққа жаны құмар еріктілердің ұсынысымен Төребай Әбдікәрімов “ASAR” еріктілер тобының төрағасы болып сайланды. Төраға болып қана қоймай шаһар басшысының штаттан тыс кеңесшісі атанған ол «Taiqazan» қайырымдылық қорының жетекшісі.

    Қор негізінен қала жастарын ізгілікке бағыттау мақсатында құрылған. Ұйымдаса келе топ мүшелері тұрмысы төмен жанұялар үшін қайырымдылық дүкенін ашқан. Аталған дүкен «Қуаныш» орталық базары маңындағы «Әлихан» сауда орталығының 3-қабатында орналасқан. Айта кетейік, кез келген отбасы мұндағы киімдерді тегін ала алады.

   «Түркістан қайырымды жандар» тобының жетекшісі Бекзат Байкубековтың айтуынша, еріктілер тобы 3 жыл бұрын құрылған. Құрамына 18 бен 45 жас аралығындағы 30-ға жуық жан топтасқан. Топ – мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға демеушілердің жәрдемімен көмек қолын созумен айналысады.

   Игі істердің басы-қасынан табылып жүрген қайырымдылық қор мүшелерінің айтары көп. Барлығының мақсаты бір – көмекке зәру адамдардың моральдық және материалдық мұқтаждығын азайту.  Риясыз сұхбат кезінде ерікті азаматтар жастарды волонтер болуға шақырды. Қос жиырманың басындағы тың бастама тек жыл аясында емес дәстүрлі үрдіске айналады деп сенеміз.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

                                                                                                    

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы