Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі 2019 жылы атқарған жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарын талқылады. Түркістан медициналық колледжінің мәжіліс залында өткен жиынға облыстық, қалалық және аудандық аналар кеңесінің төрайымдары, мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, мәдениет, білім салаларының қызметкерлері мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова баяндама жасап, кеңестің жыл бойы атқарған нәтижелі жұмыстарына тоқталып өтті.
-Облыстық, қалалық және аудандық Аналар кеңестері қоғамда өздеріне лайықты орынға ие болды. Аналар кеңестері 2019 жылы облыс көлемінде өткен барлық іс-шараларға белсенді араласып, тиімді әрі нәтижелі жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, облыс, қала, аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен қыздар арасында «Ұрпақ азбасын – ұлт тозбасын», «Ұлттар бірлігі – тәуелсіздіктің белгісі», «Жастар тәрбиесі – баршаға ортақ», «Жасөспірім және қоғам» және т.б. тақырыптарда кездесу, сырласу кештерін тұрақты өткізіп келеді. Аналар кеңесі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларына көмек көрсетуді үрдіске айналдырған. Жыл көлемінде «Мейірім», «Жүректен жүрекке» т.б. тақырыптарда қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып, 30-дан аса отбасыға көмек көрсетілді. «Мектепке жол» акциясында 20 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары берілді. Перзентханаларға барып, жаңадан босанған аналарға, жасы 90,100-ге толған қарияларға, соғыс ардагерлеріне сый-сияпаттар жасалды. Халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту, жастарға өнегелі тәрбие көрсету мақсатында «сыбаға», «соғым», «тоқымқағар» іс-шараларын өткіздік. Біздің басты міндетіміз отбасылық құндылықтарды сақтау, келешек ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аудару,-деген Д.Жамболова ұрпақ тәрбиесі, қоғам тәрбиесі – ҚХА жанындағы аналар кеңесінің басты міндеті болуы тиіс екенін алға тартты.
Бұдан кейін Бәйдібек аудандық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Қырықбаева, қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Александра Пудовкина, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Угулжан Халықбердиева, қалалық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбарам Малыбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының этно мәдени бірлестік бөлімінің маманы Айгүл Жанбаевалар сөз сөйлеп, төрайымның жасаған есебіне оң бағаларын беріп, кеңестің алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Жиын соңында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 2020 жылға арналған іс-шаралар мен жұмыс жоспары бекітілді.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».