ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ӘБЕКЕҢ – 80 ЖАСТА

1  118 көрілім

Әбдіхан Әбдіқадіров ағамыз өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы азамат екенін бүкіл түркістандықтар жақсы біледі. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттерінің арқасында құрылыс саласында еңбек жолын бастап, біліктілігімен, іскерлігімен басшылық деңгейге дейін көтерілді. Шынында да адамды, абырой өсіреді, өркендетеді. Ал, ол қалай келеді? Бұл туралы небір өмір тәжірибелері толысқан азаматтар абырой адал еңбекпен келеді деп айтады. Осындай еңбекпен ел құрметіне бөленген деп ауыз толтырып Әбекеңді айтуға болады. Ендеше, ол кісінің өмір және еңбек жолдарына тоқталсақ.

Әбдіхан Әбдіқадіров 1940 жылы 18 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шаян ауданы, Төрткөл ауылында туған. 1957 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітірген. 1957-1959 жылдары Шаян селосындағы шеберханада токорь болып жұмыс істеді. Ал, 1959 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, 1964 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1965 жылы қаңтар айында Кентау қаласындағы құрылыс материалдары комбинатында цех бастығы болып бастаған. 1965 жылы мамыр айында Түркістан колхозаралық құрылыс мекемесінде учаске бастығы, 1967-1972 жылдары Кентау қаласындағы «Миргалимсай свинецстрой» тресі Түркістан қаласындағы құрылыс учаскесінің бастығы болды.

1973-1975 жылдар аралығында Түркістан құрылыс-жөндеу басқармасының бас инженері, 1975-1994 жылдары аралығында Түркістан колхозаралық құрылыс мекемесінің бастығы қызметін атқарды. 1994-2001 жылдары «Яссы» АҚ президенті, 2001-2006 жылдары «АСА» ЖШС төрағасы, 2006 жылы «АСА» ЖШС төрағасының кеңесшісі, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан қаласындағы «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.

Әбекең халқына сіңірген ерен еңбегінің арқасында көптеген жетістікке жеткен. Атап айтсақ, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, «Тың игеруге – 50 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», облыс және қала әкімінің бірнеше Алғыс хаттарына ие болған. Отбасында өмірлік жары Зина Баймаханова екеуі 3 ұл-қыздан 3 немере тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі.

Бүгінде Әбекең зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аға буын өнегесін бүгінгі жастарға үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге өзінің үлесін қосып келеді.

Бізге қашанда жол көрсетер ақылшымыз ретінде жаны-жайсаң асыл аға болып, өміріңіз өнегелі де мән-мағыналы болып өріле беруіне тілектеспіз. Бүгінгі 80 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық, отбасыңызға амандық пен береке тілейміз.

Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы мен Түркістан қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы