Қазір техника дамыған заман. Өзіңізді қызықтырған кез келген жағдайдан әлеуметтік желі арқылы құлағдар болу оп-оңай. Жастардың арасында қолдану аясы кең тараған инстаграм желісіндегі видеожазба жайын сөз еткелі отырмын.
Оқиға желісі мынадай, көлігінде отырған жас жігіт ұялы телефонының камерасын қосып қала орталығындағы көше бойына жиналған қоқыс туралы мәселе көтерген. Айтқанына құлақ түрсеңіз: «Мына қоқысты кім шығарады енді»- деген сұрақты естисіз.
Мүмкін қала азаматы ретінде жанашырлық танытқаны шығар немесе жастардың тілімен айтқанда хайп жинаған кейпі болар, беймәлім. Бір нәрсе анық – қала барлығымызға ортақ. Сондықтан хайп жинаймын деп айыпты болып қалудан абай болған абзал.
Бұл жайында мен өз пікірімді қоса кеткім келеді. Көпшіліктің талқысына түскен бейнежазбаға қатысты ойымды білдірдім. Қоқысты кім алады дегеннен гөрі, кім тастады деген дұрысырақ болар меніңше?!
Әңгіменің басы қоқыс жайында болған соң бей-жай қарай алмадым. Облыс орталығының тұрғындары өңір халқына үлгі болуға тиіс. Ойға келген аумаққа күл-қоқыс тастау бейәдеп тірлік. Әр тұрғын осы жөнінде ой-таразысынан өткізіп көрсе игі болар еді.
Жеке басыма «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген тәмсіл өмірлік принципіме айналған. Түпкі ойымды түсініп те отырған боларсыздар. Көпшіліктің пікірі әрқашан маңызды болған, бола бермек.
Кінәні біреуден іздемей өзімізді түзеуге әрекеттену керек. Мақалаға арқау болған оқиғаны болдырмау өз қолымызда. Тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген қоқыс жәшіктеріне тастауға дағдылану маңызды.
Рухани шаһар тұрғындарын тазалыққа шақырып, ұятты тірліктен аулақ болуға үндеген болар едім. Тіптен әркім өз ауласын таза ұстаса ешқандай мәселе туындамас еді деген ойды көпшілік қолдар. Ата-аналар ұл-қыздарына аталған жайтты ескертіп отырғаны мейлінше пайдасын тигізер. Тазалықты сақтай білейік. Қаланың дамуына дәл осылай титтей де болса қосқан үлесім деп есептесеңіз, ешкім жоққа шығармайды.
Нуриддин ОСПАНОВ,
қала тұрғыны.