ӨМІРБАЯНЫ
Мен, Жусупов Абдурашит Абдуллаевич, Оранғай ауылының перзентімін. 1984 жылы 17 қыркүйекте осы өңірде дүниеге келіп, 1990–2001 жылдары М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебін үздік тәмамдадым. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да білім алып, тарих-география пәнінің мұғалімі мамандығын меңгердім. Осы білім ордасында тарих ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін иелендім.
Бүкіл саналы ғұмырым мен еңбек жолым туған жерімнің өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге тікелей байланысты болды. 2005 жылдан бастап М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде тарих-география пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. 2010–2013 жылдары ұйымдастырушы-педагог, ал 2013–2026 жылдар аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқардым. Ал 2026 жылдың 1 маусымынан бері Оранғай ауылындағы №3 жалпы білім беретін мектептің директоры қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішіндегі ұстаздық жолым маған әрбір шаңырақтың жағдайын терең түсінуді, халықпен тікелей тіл табысып, ортақ мәселелерге әділ шешім шығарудың маңыздылығын ұғындырды.
Ауылдың көркеюі – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырудан басталады. Олар – сапалы жол, таза ауызсу, сенімді инфрақұрылым, сапалы білім мен саналы тәрбие, тұрақты жұмыс орны және балаларымыздың жарқын болашағы. Қай өңірде болсақ та, әрбір тұрғынға лайықты өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Мен үшін ел алдындағы жауапкершілік пен әділдіктің басты өлшемі – осы. Ұсынып отырған сайлауалды бағдарламам округіміздің аса өзекті түйіндерін шешуге бағытталған.
Атқарылған әрбір істің сапасын қатаң бақылауда ұстап, сайлаушылар алдында әрдайым ашық есеп беріп отырамын.
Мен үшін бұл қызметтің ең биік марапаты әрі басты нәтижесі – әрбір ауылдасымның өміріндегі оң өзгерістер!
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ЖОЛДАР МЕН КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ
Оранғай ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі ішкі көшелерге асфальт төсеу, тас салу және көпірлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жүзеге асуына қол жеткізу. Кентау-Түркістан тас жолы бойында өмір қауіпсіздігі шараларын жетілдіру мақсатында бейнебақылау камералары мен тиісті жол белгілерін орнатуға ықпал ету.
2. СУМЕН, ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ ІШКІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Оранғай тұрғындарын сапалы әрі санитарлық талапқа сай ауыз сумен толық қамту, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және су жетпеген аймақтарға су жүйесін тарту. Оранғай мен Бостандық елді мекендеріндегі тозығы жеткен бағаналарды ауыстыру, қажетті трансформаторлар мен жабдықтар орнатып, көшелерді сапалы жарықтандыру.
3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында округ тұрғындары үшін «Көшпелі кәсіпкерлік мектебін» ұйымдастыру. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға материалдық шығынсыз әрі тез қол жеткізуіне жәрдемдесу.
4. АУЫЛ ШАРУАШЫҒЫ ЖӘНЕ СУАРМАЛЫ СУ МӘСЕЛЕСІ
Су қоймасынан суармалы суды диқан қожалықтарының егін даласына кедергісіз жеткізу және қосымша су көздерін ашу бойынша сараптамалық-сметалық жұмыстардың жүруіне ықпал ету.
5. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ТАБЫСТЫ АРТТЫРУ
Ауылда кешенді шараларды мал шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлік, қайта өңдеу ұйымдастыру арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту деңгейін арттыру.
6. САПАЛЫ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Оранғай ауылдық амбулаториялық емханасы негізінде тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.
7. САПАЛЫ БІЛІМ ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Ауыл тұрғындарының демографиялық өсіміне байланысты, 150 орындық мектеп жанынан қосымша ғимарат салу мәселесін қолға алу және оның мерзімінде сапалы аяқталуына ықпал ету.
8. АЗАМАТТАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға заңнамалық-материалдық қолдау көрсету. Оранғай ауылдық округі бойынша тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді барынша жақындату және ыңғайлы ету үшін ауыл аумағында «бір терезе» қағидасын ұйымдастыруға ықпал ету.
9. ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Ауыл тұрғындары мен тұрғын үйлерді су басу қаупінен қорғау мақсатында Қарашық өзенінің арнасын және Кентау-Түркістан темір жолы жағасындағы су арналарын тазарту, бөгеттерді реттеу жұмыстарын жүргізу.
10. ТАЗА ӘРІ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛ ЭКОЛОГИЯСЫ
Ауылдағы экологиялық проблемалардың картасын жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізу және олардың зардаптарын жоюдың ғылыми әрі тиімді іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша нақты іс-шараларды іске асыруға қолдау көрсету.
