Абдугаффаров Руслан Пархадович
ӨМІРБАЯНЫ
Мен Абдугаффаров Руслан Пархадович 1989 жылы 5 қыркүйек күні Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жүйнек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. 1995 жылы «А.Югнаки атындағы жалпы білім беретін мектебіне» алғаш мектеп табалдырығын аттап, 2006 жылы бітірдім. 2006 жылы Халықаралық Қазақ – Түрік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетінде оқып, білімімді шыңдадым, түрлі спорттық сайыстарға қатыстым. 2010 жылы ЖОО-ны бітіріп алғашқы білім ордамда жастар практикасы бойынша алты ай жұмыс атқардым. 2013 жылы ақпан айында Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт мектебінде жаттықтырушы (тренер) болып жұмысқа орналастым. 2013 жылы желтоқсан айынан бастап «А.Югнаки атындағы жалпы білім беретін мектепте» Дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мектепте ұстаздық жолымды жалғастыру барысында оқушыларым аудандық және облыстық сайыстардан жүлделі орындарға ие болды. Отбасылымын, жұбайым екеуміз 4 ұл тәрбиелеп отырмыз.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ!
Мен үшін депутаттық қызмет – атақ немесе мәртебе емес, халықтың сенімін ақтау, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізу және нақты нәтижеге жұмыс істеу.
I. Ауылдың әлеуметтік дамуы
– Ауыл көшелерін жөндеу, жарықтандыру және абаттандыру мәселелерін тұрақты көтеру.
– Ауызсу, электр энергиясы және жол сапасына қатысты мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
– Ауылдағы қоғамдық орындар мен балалар ойын алаңдарын көбейтуге бастамашылық жасау.
– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мәселелерін назарда ұстау.
– Ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тиісті мекемелерге жеткізіп, орындалуын бақылау.
ІІ. Спорт саласын дамыту
– Ауылда бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау.
– Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық үйірмелердің санын арттыруға ықпал ету.
– Ауылдық спорт алаңдары мен қолданыстағы спорт нысандарын жақсарту мәселесін көтеру.
– Ауыл жастары арасында футбол, волейбол, күрес және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру.
– Дарынды жас спортшыларды аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатыстыруға қолдау көрсету.
ІІІ. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.
– Ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсенді жастарды тарту.
– Жас отбасылар мен ауыл жастарының өзекті мәселелерін көтеру.
IV. Қоғамдық бірлік және елге қызмет
– Ауыл ақсақалдары, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен тұрақты байланыс орнату.
– Ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеу.
– Ауылдағы қайырымдылық және қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету.
– Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы есеп беру.
Сауран ауданы – тарихы терең, табиғи және экономикалық әлеуеті мол, ауыл шаруашылығы мен ұлттық құндылықтар сабақтастығы сақталған өлке. Ауданның құрылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, елді мекендердің әлеуетін арттыруға тың мүмкіндіктер ашты. Бүгінде ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік нысандарды көбейту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен ауданның дамуын тек жүзеге асқан жобалармен немесе салынған нысандармен ғана бағалауға болмайды. Оның басты өлшемі – тұрғындардың өмір сапасы, күнделікті тұрмысының жақсаруы, өз ауылында жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жасалған жағдай.
Менің басты ұстанымым – Сауран ауданының дамуы ең алдымен әрбір тұрғынның әл-ауқатынан көрініс табуы керек. Аудандағы өзгерістердің игілігін орталықтағы ғана емес, барлық ауыл мен елді мекеннің тұрғындары бірдей сезінуі тиіс. Әр отбасының сапалы ауызсуға, тұрақты электр қуатына, табиғи газға, жөнделген жолға, жарық көшеге және қолайлы әлеуметтік ортаға қол жеткізуі – өркендеген ауданның негізгі көрсеткіші.
Осы бағытта мәслихат депутаты ретінде ауыл өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді тұрақты көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуді басты міндетім санаймын.
Ауданның әрбір елді мекеніндегі инфрақұрылымдық мәселелер жүйелі түрде шешілуі қажет. Ауызсу, электр энергиясы, газбен қамту, интернет, жол және қоғамдық көлік – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды салалар. Сондықтан осы бағыттардағы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына назар аударып, шешімін күткен мәселелерді мәслихат деңгейінде көтеремін.
Менің ұстанымым: Халықтың өтініші – менің міндетім, ауылдың мәселесі – менің мәселем. Әрбір бастаманың артында нақты нәтиже тұруы тиіс!
