Абдуллаев Нурсултан Пархадович
ӨМІРБАЯНЫ
Мен Абдуллаев Нурсултан Пархадович 1989 жылы қазіргі Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында дүниеге келдім. 1995-2006 жылдар аралығында Жүйнек ауылындағы А. Югнаки атындағы жалпы орта мектебін тәмамдап, сол жылы Шымкент әлеуметтік педагогикалық Университетіне «Есеп және аудит» мамандығына түсіп, 2011 жылы аяқтадым. Алғашқы жұмыс тәжірибемді студенттік кезден 2006 – 2008 жылдары «Югнак» шаруа қожалығында бөлім меңгерушісі қызметінен бастадым. 2008-2009 жылдары сол шаруа қожалықта есепші-кассир қызметін атқардым.
2009 жылдан бастап 2022 жылға дейін Іріленген «Югнак» фермер қожалығында төраға орынбасары қызметін атқардым. Сонымен қатар 2017 – 2023 жыл аралығында «НурФархад» АӨК-де төрағалық лауазымында, 2019 – 2022 жылдары «Сара Ана» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы, 2022 – 2023 жылдары Жеке кәсіпкер «Югнак» басшысы қызметін атқардым. 2023 жылдың наурыз айынан Сауран аудандық мәслихатының депутаты, «Respublika» партиясы Түркістан облыстық филиалының Сауран аудандық бастауыш ұйымының төрағасы қызметін атқарып келемін. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап ЖШС «JALIL ABDULLAEV ZIATKERLIK MEKTEВI»-нің құрылтайшысымын.
Отбасылымын 3 ұл, 1 қызым бар. Халықпен етене араласып, ауданымыздың, оның ішінде ауылымыздың дамуына үлес қосып келемін. Кез келген тұрғындар тарапынан көтерілген мәселеге бейжай қарамай, соңына дейін жеткізу менің басты мақсатым. Үш жарым жылдық депутаттық қызметім барысында халықтың мұң – мұқтажын билікке жеткізумен ғана шектелмей, Парламентке де жеткіздім және ол бүгінгі күнде өз нәтижесін беруде.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«RESPUBLIKA» партиясының атынан Сауран аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер болып отырмын. Бағдарламаның басты мақсаты: ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға және жастардың әлеуетін іске асыруға бағытталған нақты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу.
Бұған дейінгі үш жарым жылдық депутаттық кезең ауыл тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатудың, жергілікті мәселелерді көтерудің және олардың шешілуіне атсалысудың маңызын көрсетті. Алдағы кезеңде осы тәжірибені жалғастырып, бұрын көтерілген мәселелердің орындалу барысын бақылау, шешімін күткен өтініштерді қайта зерделеу және жаңа міндеттерді тұрғындармен бірлесе айқындау көзделеді.
1. ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҢ КЕЛБЕТІ
Шыпан ауылы мен Қарашық ауылының жоғарғы бөлігіндегі тұрғындарға қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру.
– Жол сапасы: ауылішілік көшелердің жағдайын зерделеу, тиісті мекемелерге ұсыну.
– Көше жарығы: жарықтандыру жеткіліксіз көшелерді анықтап, шамдарды орнату және істен шыққан жарық көздерін қалпына келтіру мәселесін көтеру.
2. САПАЛЫ БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
– Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін көтеру.
– Мектеп ғимараттарының қауіпсіздігіне, күрделі және ағымдағы жөндеу қажеттілігіне назар аудару.
– Мұғалімдердің кәсіби дамуы мен тәжірибе алмасуына жағдай жасау жөніндегі ұсыныстар енгізу.
3. КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
– Ауыл кәсіпкерлерінің өзекті мәселелерін жинақтап, аудандық деңгейде қаралуына ықпал ету.
– Шағын бизнес ашуға ниетті азаматтарға қолданыстағы мемлекеттік қолдау, оқыту және қаржыландыру бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімді болуын қолдау.
4. ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК – ЕЛГЕ БОЛАШАҚ
– Жастардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіптік білім алуына қатысты мәселелерді көтеру.
– Жастардың кәсіпкерлік және әлеуметтік жобаларға қатысуын қолдау.
– Спорттық секциялар, мәдени іс-шаралар және зияткерлік сайыстарды дамытуға бағытталған бастамаларға атсалысу.
5. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ
– Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың өтініштерін тиісті мекемелерге жеткізу.
– Қайырымдылық бастамалары мен қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қолдауға атсалысу.
6. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ
Ауыл шаруашылығы – жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен табыс көзіне тікелей әсер ететін маңызды сала.
– Мал жаюға, жайылымдарды тиімді пайдалануға және ауыл маңындағы санитарлық жағдайға қатысты мәселелерді қарастыру.
Сауран ауданы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлік пен жастар бастамаларын қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу – «RESPUBLIKA» партиясы бағдарламасының негізгі бағыттары. Ауданымыздың дамуы – ортақ жауапкершілік.
