№14 сайлау округі бойынша Сауран аудандық мәслихатының депутаттығына үміткер

2 көрілім

Маннапов Лазиз Тулкинжанович

ӨМІРБАЯН

Мен Маннапов Лазиз Тулкинжанович 1990 жылы 12 наурызда Түркістан облысы, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келдім. 1996-2005 жылдар аралығында Ескі Иқан негізгі жалпы орта мектебінде білім алдым.

2005–2009 жылдары Түркістан жоғары медициналық колледжінде оқып, тәмамдадым. 2015-2018 жылдар аралығында Астана қаласы әдімдігінің «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесінде емдеу ісі қызметкері болып еңбек еттім.

2019 жылдан бастап Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында емдеу ісі маманымын.

Отбасылымын, екі ұлым бар.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Сауран аудандық мәслихатына депутаттыққа кандидат ретінде төмендегі міндеттерді орындауды азаматтық борышым деп білемін:

Менің бағдарламамның негізгі бағыттары мыналар болмақ:

Ауылға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мақсатты орындалуын қатаң қадағалау.

Елді-мекендердегі медициналық қызметтің сапасын күшейту жұмыстары күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе ретінде басты назарда болады.

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ егін алқаптарын қосымша су көздерімен қамтамасыз ету.

Ауыл тұрғындарының шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына, жеңілдетілген несие алуына қолайлы жағдай туғызу, жұмыс көздерін көбейтуге күш саламын.

Жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізу және демеушілік көмек арқылы жауапкершілігімде болатын елді-мекендердегі орта мектептердің базасын заманауи талаптарға сай үйлестіру, дарынды оқушыларға әртарапты қолдау көрсету.

Әртүрлі мәртебедегі ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың, жас отбасылардың мұң-мұқтаждарын тиесілі орындарға жеткізіп, әлеуметтік көмеккке зәру жандардың мәселелерінің оң шешімін табуына күш салу.

Жастарды жат мәдениет, жат таным, жат түсініктердің ықпалына еруден сақтандыратын жастар тәрбиесін және жастарды жұмысқа жұмылдыру, елді-мекендерде заманауи талаптарға сай келетін ашық спорт алаңдарын жасау, тұрғындар арасында бұқаралық спорттың дамуын басты назарда ұстайтын боламын.

Ауданның дамуы барлық тұрғынға бірдей мүмкіндік ұсынғанда ғана шынайы мәнге ие болады. Әлеуметтік жағынан осал отбасыларға, көпбалалы аналарға, ардагерлерге, жалғызбасты азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мәселесі әрдайым назарда болуы тиіс. Әлеуметтік көмектің қолжетімді әрі әділ көрсетілуіне, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдаймын.

Білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, мектептер мен медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін де тұрақты көтеремін. Ауыл балаларының сапалы білім алуына, жастардың кәсіби дамуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік кеңейту – ауданның келешегіне салынған инвестиция.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін жобаларды қолдау маңызды. Өйткені тұрғындардың тұрақты табысы мен жұмыспен қамтылуы – әл-ауқаттың негізгі тірегі.

Сауран ауданының экономикалық дамуы ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Егін және мал шаруашылығын өркендету, суармалы су мәселесін шешу, жайылымдық жерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, шаруалардың өнім өндіру және өткізу мүмкіндіктерін кеңейту – маңызды міндеттер.

Осы бағытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мәселелерін мәслихат деңгейінде көтеріп, шаруаларды қолдауға, өндірілген өнімді өңдеу мен сақтауға, жергілікті кәсіпорындардың дамуына бағытталған бастамаларды қолдаймын. Шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне басымдық беремін.

Ауданның экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы тұрғындардың табысын арттыруға және ауылдардың әлеуетін нығайтуға ықпал ету – негізгі мақсаттарымның бірі.

Елді-мекендердегі еңбекке қабілетсіздер және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектердің қолжетімділігін бақылауда ұстаймын.

Әрбір мәселенің шешімін табу жолында жұмыс істеуге дайынмын.

Сауран ауданының дамуы – ортақ міндет. Әр ауылдың мәселесі назарда болып, әр тұрғынның мүддесі қорғалуы тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы