№6 сайлау округі бойынша Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Асанов Ернар Жидебаевич

33 көрілім

ӨМІРБАЯНЫ

Асанов Ернар Жидебаевич 1980 жылы 17 қарашада Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 1986 жылы Түркістан қаласындағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып, аталған білім ордасын 1997 жылы тәмамдаған. Сол жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 2001 жылы «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Кешкі мектеп» КММ-де тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. Аталған білім ордасында ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызмет атқарып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне үлес қосып келеді.

2016 жылы кәсіби тәжірибесі мен педагогикалық қызметтегі біліктілігін ұштастыра отырып, Түркістан қаласындағы «Кешкі мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұл лауазымда білім алушылардың тәрбиелік жұмыстарын ұйымдастыру, мектептегі тәрбие үдерісін үйлестіру және білім беру мекемесінің қоғамдық-тәрбиелік қызметін дамыту бағытында еңбек еткен.

2019 жылы аталған білім беру мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, қазіргі уақытқа дейін осы лауазымда еңбек етіп келеді.

Еңбек жолында педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметті ұштастырып, білім беру саласында 20 жылдан астам тәжірибе жинақтаған. Ұстаздық қызметінде өскелең ұрпақтың бойына білім мен адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, оқушылардың тұлғалық қалыптасуына және олардың қоғам өміріне бейімделуіне ерекше мән береді.

Бүгінде білім беру саласындағы кәсіби тәжірибесін жас ұрпақтың сапалы білім алуына, оқу-тәрбие жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне және білім беру мекемесінің қызметін жетілдіруге бағыттап келеді.

Отбасылы, 3 қыз тәрбиелеп отырған әке.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Қадірлі Түркістан тұрғындары!

Менің сайлауалды бағдарламамның басты мұраты – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қарастыру, тұрғындардың талап-тілегін ескеру және қаланың дамуына жағдай жасау.

I. Халық үні – қоғамдық шешімнің негізі

Жергілікті өкілді биліктің басты міндеттерінің бірі – тұрғындардың мүддесін білдіру. Халық көтерген мәселенің назардан тыс қалмауы, әрбір өтініштің заң аясында қаралуы және қабылданған шешімдердің ашық болуы қоғамдық сенімнің негізін қалыптастырады. Бұл бағытта №6 сайлау округі тұрғындарымен тұрақты байланыс орнату, азаматтардың өтініштерін жүйелі қарастыру, қоғамдық қабылдаулар өткізу және көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекемелердің жауапкершілігін күшейту маңызды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуына және мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігіне депутаттық бақылау тетіктерін пайдалану көзделеді.

IІ. Жайлы қала – сапалы өмір кепілі

Кез келген қаланың дамуы тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандырудан басталады. Сапалы жол, жарық көше, таза ауыз су, тұрақты электр қуаты және қолжетімді қоғамдық көлік – заманауи қалалық ортаның ажырамас бөлігі. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да қала тіршілігінің маңызды бағыты болып саналады. Тұрғындардың демалысына қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау, санитарлық тазалықты сақтау – жайлы ортаның негізгі талаптары.

IІІ. Білімді ұрпақ – берік болашақ

Елдің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи оқу мүмкіндіктерін кеңейту және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі. Жастардың спортпен, шығармашылықпен және қоғамдық пайдалы істермен айналысуына мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дамыту да үлкен жанашырлықты қажет етеді.

IV. Еңбек пен кәсіпкерлік – өркендеу өзегі

Экономикалық дамудың маңызды алғышарты – кәсіпкерлікке қолайлы орта мен нәтижелі жұмыспен қамту жүйесі. Шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіретін жергілікті мәселелерді анықтау, кәсіпкерлердің ұсыныстарын құзырлы органдарға жеткізу, жастардың кәсіптік білім алуына және еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсету – округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттар.

V. Әлеуметтік әділдік –тұрақтылық тірегі

Қоғамның кемелдігі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға жасалған жағдайдан көрінеді. Көпбалалы отбасылардың, қарттардың, мүгедектігі бар азаматтардың және әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың қажеттіліктерін ескеру, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру, медициналық қызмет сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстарды қарастыру – әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Құрметті жерлестер!

Киелі шаһардың тарихи мәртебесін сақтау және дамуын қамтамасыз ету – бір-бірінен ажырамайтын міндеттер. Өткеннің өнегесін болашақтың мүмкіндігімен ұштастыру үшін жүйелі жоспарлау, тиімді басқару, қоғамдық бақылау және тұрғындардың белсенділігі қажет.

Қаланың әрбір көшесі, әрбір әлеуметтік нысаны – даму кеңістігінің маңызды бөлігі. Сондықтан, өркендеудің игілігі барша тұрғынға бірдей қолжетімді болуы тиіс. Бұл жолда қабылданатын шешімдердің ашықтығы, бюджет қаражатының тиімділігі, мемлекеттік органдардың есептілігі және тұрғындардың пікіріне құрметпен қарау ерекше мәнге ие.

Мен педагог ретінде елдің ертеңі ең алдымен білімді, саналы әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында екенін терең түсінемін. Ұстаздық жол маған әрбір баланың тағдырына жауапкершілікпен қарауды, қоғамның болашағын бүгіннен бастап қалыптастырудың маңызын ұғындырды. Сондықтан, Түркістан қаласындағы білім беру ұйымдарының жағдайын жақсарту, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау, ұстаздардың мәртебесін арттыру және жастардың қабілетін дамыту – мен үшін маңызды бағыттар.

Менің ұстанымым – білімді ұрпақ, берекелі қоғам, болашағы баянды Түркістан! №6 сайлау округі тұрғындарының талап-тілегін назарда ұстап, білім, тәрбие, әлеуметтік қолдау және қоғамдық инфрақұрылым мәселелерінің шешілуіне заң аясында ықпал етуді мақсат етемін.

Алдағы сайлауда әрбір азаматтың таңдауы маңызды. Баршаңызды қаламыздың келешегіне қатысты шешімдерге жауапкершілікпен қарап, азаматтық белсенділік танытуға шақырамын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы