ӨМІРБАЯНЫ
Байтенов Темірбек Орынбасарұлы 1987 жылы 25 қарашада қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының Асықата кентінде дүниеге келген. Білімі – жоғары.
Орта білімді «Жеңіс» гимназия-мектебінде білім алып, аталған білім ордасын 2005 жылы тәмамдаған. Сол жылы Қазақ экономикалық және инженерлік университетіне оқуға түсіп, 2009 жылы «Қаржы» мамандығы бойынша жоғары білім алып, бакалавр академиялық дәрежесін иеленген.
2009 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақырылып, Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Гвардейский гарнизонында орналасқан №30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге аттанған.
Еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласындағы «Energy Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде коммерциялық директор қызметінен бастаған. Аталған кәсіпорында 2019 жылға дейін еңбек еткен.
2019 жылдан бастап жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысып келеді. Кәсіпкерлік саласында жинақтаған тәжірибесін өз ісін дамытуға, шаруашылық жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға және іскерлік бастамаларын жүзеге асыруға бағыттап келеді.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті сайлаушылар!
Қаланың болашағы – оның әрбір тұрғынының болашағы. Сондықтан қаланы дамытуға бағытталған кез келген шешім ең алдымен халықтың мүддесіне, әлеуметтік сұранысына және өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі керек. Қоғамдық мәселелерді шешуде тұрғындардың пікірі ескеріліп, қабылданған шешімдердің нәтижесі нақты іспен көрінуі маңызды.
Мен депутаттық қызметтің негізгі міндеті – халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайту, тұрғындардың заңды мүддесін қорғау, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету деп білемін. Осы мақсатта қаланың дамуына серпін беретін төмендегі бағыттарды басшылыққа аламын.
Қаланың теңгерімді дамуы – басты талап
– Қаланың орталық бөлігімен қатар шеткі шағынаудандар мен тұрғын алаптардың да инфрақұрылымдық дамуына басымдық беру;
– Ауызсу, электр энергиясы, табиғи газ және кәріз жүйесіне қатысты шешімін күткен мәселелерді тұрақты көтеру;
– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуына қоғамдық және депутаттық бақылауды күшейту;
– Көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мәселелерін назарда ұстау;
– Тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына жағдай жасайтын заманауи көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал ету.
Әр отбасының әл-ауқаты – маңызды міндет
– Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын бақылау;
– Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен атаулылығын арттыруға ықпал ету;
– Көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты аналардың, зейнеткерлер мен ардагерлердің мәселелерін жүйелі көтеру;
– Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту тетіктерін жетілдіруге атсалысу;
– Атаулы әлеуметтік көмек пен өзге де қолдау түрлерінің заң талаптарына сәйкес, әділ бөлінуіне назар аудару.
Жастарға мүмкіндік, болашаққа сенім
– Жастардың сапалы білім алуына, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және еңбек нарығында өз орнын табуына қолдау көрсету;
– Жас кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, бизнес жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалардың тиімділігін арттыруға ықпал ету;
– Студенттер мен жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін назарда ұстау;
– Балалар мен жасөспірімдердің спортпен, өнермен және шығармашылықпен айналысуына қажетті жағдай жасау;
– Жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, азаматтық бастамаларының жүзеге асуына қолдау көрсету.
Кәсіпкерлік пен өндіріс – қала экономикасының тірегі
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды қолдау;
– Жергілікті кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету;
– Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
– Қала экономикасын әртараптандыру, сауда, қызмет көрсету, өндіріс және туризм салаларының әлеуетін арттыруға атсалысу;
– Жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды қолдау;
– Жергілікті өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасауға ықпал ету.
Сапалы білім мен қолжетімді медицина
– Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың қажеттілігін ескеріп, білім беру инфрақұрылымын дамытуға ықпал ету;
– Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған жобаларды қолдау;
– Қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін көтеру;
– Алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге және профилактикалық шараларды күшейтуге атсалысу;
– Дәрігерлер мен педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды қолдау;
– Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолайлы жағдай қалыптастыруға назар аудару.
Экологиялық мәдениет және қалалық эстетика
– Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл желек көлемін ұлғайту және көгалдандыру жұмыстарын жүйелеуге ықпал ету;
– Саябақтар, гүлзарлар мен қоғамдық демалыс орындарының санын арттыруды қолдау;
– Тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және шығару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
– Тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту;
– Қала аумағында балалар мен ересектерге арналған қолжетімді спорттық және демалыс кеңістіктерін көбейту;
– Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға атсалысу.
Құрметті қала тұрғындары!
Өркендеген қаланы қалыптастыру бір адамның немесе бір мекеменің ғана қолынан келмейді. Бұл – билік пен қоғамның, кәсіпкер мен еңбек адамының, жас ұрпақ пен аға буынның ортақ еңбегінің нәтижесі.
Менің ұстанымым – тұрғындардың үнін есту, олардың мүддесін қорғау және қаланың дамуына қатысты маңызды шешімдердің қабылдануына белсенді атсалысу. Әрбір бастаманың халыққа пайдасы тиюі, әрбір бөлінген қаржының нақты нәтижеге бағытталуы маңызды.
Сенімге селкеу түсірмей, жауапкершілікті сезініп, халық игілігі үшін адал қызмет ету – басты мақсатым!
