Хандиллаев Сакен Мырзанович
ӨМІРБАЯНЫ
Хандиллаев Сакен Мырзанович 1975 жылы 22 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген, 1992 жылы қазіргі Сауран ауданы, Майдантал ауылындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген. 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетін бітіріп, экономист мамандығын алған. 2000 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығын алған. Ұлты қазақ, білімі жоғары.
Еңбек жолын 1996 жылы бастаған. Түркістан қалалық салық инспекциясында қарапайым инспектор лауазымынан бастап, іскерлігі мен біліктілігінің арқасында салық комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін жеткен.
1996-2007 жж. Түркістан қаласы бойынша салық басқармасында салық инспекторы, аға салық инспекторы, жанама салықтар бөлімінің жетекші маманы, мәжбүрлеп өндіру бөлімінің жетекші маманы, мәжбүрлеп өндіру бөлімінің бастығы, салық басқармасы төрағасының орынбасары;
2007-2009 жылдары Халыққа қызмет көрсету орталығы Түркістан қалалық филиалының жетекшісі;
2008 жылдың қаңтарынан Түркістан қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы және Отырар мөлтек ауданында бастауыш партия ұйымдарының төрағасы;
2009-2010жж. Үшқайық ауылдық округінің әкімі;
2010-2012жж. Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және Түркістан қалалық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімдерінде басшы орынбасары;
2012 жылы Түркістан қалалық әкім аппараты басшысы;
2012-2013 жылдары қала әкімінің орынбасары;
2014-2015 жылдары қала әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2016 жылы қаңтар айынан бастап алғаш құрылған Түркістан қалалық қоғамдық кеңес төрағасы болып сайланған.
2020-2022 жылдары «Жаңа Түркістан» газетін ашып, бас редактор, басшы қызметін атқарған.
2022-2023 жылдары Түркістан облысы полиция департаментінің Консультативті кеңесші органының мүшесі;
2023 жылдан бастап, «Жаңа Тұран» Республикалық қоғамдық-саяси газетін ашып, бас директор қызметін атқаруда;
2023 жылдан бастап, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысы бойынша Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің мүшесі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Түркістан облысы бойынша «Кедергілер кеңесінің» төрағасы. Еңбек жолындағы жеткен жетістіктері:
– Түркістан қаласының «Құрметті азаматы»;
– «Ерен еңбегі үшін»;
– «Облысқа сіңірген еңбегі үшін»;
– «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалінің иегері;
– «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалінің иегері;
– Сауран ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісінің иегері;
– «Amanat» партиясы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісінің иегері;
– 2021-2022жж ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
2016 жылы наурыз айынан бері Түркістан қалалық мәслихатының VI-VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланды.
Отбасылы. Екі перзент тәрбиелеуде.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«Түркістан – біздің ортақ үйіміз! Қаламызға лайық қызмет ету – баршамыздың азаматтық міндетіміз!»
Түркістан – тарихы терең, рухы биік, әлем назарын өзіне аударған қасиетті қала! Түркістан – тек тарихи ескерткіштер мен көрікті ғимараттардан тұратын қала емес. Оның әр бұрышы – тарих, әр көшесі – шежіре, әрбір тұрғыны – қаланың баға жетпес байлығы.
Қаланың әр бұрышы, әр тарихы, әр адамы – біздің ортақ әрі құнды үйіміз! Үйдің тәртібі мен тазалығы қандай маңызды болса, қаланың тазалығы, тәртібі мен көркеюі де сондай маңызды. Өйткені қала – біздің ортақ үйіміз, ал оның болашағы әрқайсымызға байланысты. Біз Түркістанның әлемдік деңгейдегі мәртебесіне сай дамуына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және келешек ұрпаққа көркейген қала қалдыруға үлес қосуымыз керек.
БІЗДІҢ АЛТЫ БАСЫМ БАҒЫТЫМЫЗ
1. Жайлы қала – сапалы инфрақұрылым
– Жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру.
– Ауызсу, жылу және кәріз жүйелерін жаңарту.
– Аулалар мен тұрғын аудандардың жағдайын жақсарту.
2. Әлеуметтік қолдау – сапалы өмір
– Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
– Қоғамдық көлік қатынасын жақсарту.
– Балаларға, қарттарға және әлеуметтік осал топтарға қолайлы жағдай жасау.
3. Жұмыспен қамту – жастарға мүмкіндік
– Жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету.
– Шағын және орта бизнесті қолдау.
– Жастардың білім алуына, кәсіп бастауына және еңбек етуіне мүмкіндік жасау.
4. Қаламыздың туристік әлеуетін дамыту
– Халықаралық туризмді дамыту.
– Ішкі туризмді дамыту.
– Қасиетті зияратшылық мекендерді дамыту.
– Қаламызға келетін туристтерге қолайлы, ыңғайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру.
5. Таза әрі қауіпсіз Түркістан
– Қала көшелері мен аулалардың тазалығын сақтау.
– Көгалдандыру, ағаш отырғызу және саябақтарды көбейту.
– Балалар алаңдары мен қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Қаланың тарихи келбеті мен рухани құндылықтарын сақтау.
6. Ашықтық пен халыққа адал қызмет
– Тұрғындармен тұрақты кездесіп, мәселелерін тыңдау.
– Халықтың ұсыныстары мен өтініштерін назарда ұстау.
– Қала бюджетінің тиімді жұмсалуын бақылау.
– Атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру.
Құрметті түркістандықтар, қадірлі жерлестер!
Депутаттық мандат – мәртебе ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Қоғамдағы мәселелерді шешудің алғашқы қадамы – тұрғындардың пікірін тыңдау. Ал сол пікірді нақты ұсынысқа айналдырып, тиісті органдардың қарауына жеткізу – халық қалаулысының маңызды міндеті. Мен депутаттық қызметтің ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты байланысқа негізделгенін қалаймын.
Мен үлкен уәделер беруден бұрын, нақты мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне заңды өкілеттігім шеңберінде ықпал етуді маңызды санаймын. Себебі тұрғындардың сенімі құр сөзбен емес, жүйелі еңбекпен қалыптасады. Түркістан – тарихы терең, болашағы зор қасиетті шаһар. Оның ертеңгі келбеті бүгінгі қабылданған шешімдерге, әрбір азаматтың белсенділігіне және ортақ жауапкершілігімізге байланысты.
Біздің мақсатымыз – тек қаланы көркейту емес, әрбір тұрғын өзін осы қаланың шынайы иесі ретінде сезінетін орта қалыптастыру.
Түркістанның тазалығы – біздің мәдениетіміз, тәртібі – біздің жауапкершілігіміз, дамуы – біздің ортақ еңбегіміз!
Біз құрғақ уәдеден гөрі нақты іске, немқұрайлылықтан гөрі жауапкершілікке, бөлінуден гөрі бірлікке мән беруіміз керек.
