ТҮРКІСТАНДЫ БІРГЕ ДАМЫТАЙЫҚ!
Түркістан – тарихы терең, рухани құндылықтары биік, болашағынан үлкен үміт күттіретін қасиетті шаһар. Оның бүгінгі дамуы мен ертеңгі келбеті әрбір тұрғын үшін маңызды. Қаланың көркеюі, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы – баршамызға ортақ мақсат.
Мен, Дарибеков Азамат Мынбасыевич қаланың дамуы тек мемлекеттік бағдарламалар мен ірі жобалардың жүзеге асуымен шектелмеуі керек деген болар едім. Себебі, ол әрбір көшенің тазалығынан, ауланың жайлылығынан, жолдың сапасынан, тұрғындардың әлеуметтік жағдайынан және қоғамдағы өзара сенімнен көрініс табуы тиіс. Алдымен өзімді таныстырып өтсем.
ӨМІРБАЯНЫ
Мен, Дарибеков Азамат Мынбасыевич 1989 жылы тамыз айының 10-шы жұлдызында Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Ұлтым – қазақ.
1996 жылы Түркістан қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін мектепке бірінші сыныпқа барып, 7-ші сыныпқа дейін оқып, 2002 жылы 8-ші сыныптан бастап Сайрам ауданы №8 Мартөбе атындағы жалпы білім беретін мектепті 2006 жылы аяқтадым.
2015 жылы Қызылорда облысындағы әскери даярлау бөлімінің қызметіне бардым. 2019-2023 жылдар аралығында Түркістан облысы бойынша Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде қызмет еттім.
2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Т.Д.Раян» фирмасында аумақтық директор қызметін атқарамын. Сонымен қатар, 2020 жылдан осы күнге дейін «Alash Pride» лигасында төрешілік қызметпен айналысамын.
Отбасылық жағдайым: 2025 жылы үйленгенмін. Жұбайым – Айнұр Ақылбек Лесбековнамен бірге бір перзент өсіріп, тату-тәтті тұрмыс кешіп келеміз.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Менің негізгі ұстанымым – Түркістанды дамытуда халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың пікірін ескеру және өзекті мәселелерді бірлесе шешу. Өйткені қаланың тыныс-тіршілігін, күнделікті қажеттілігін ең жақсы білетін – оның тұрғындары. Ал депутаттың міндеті – сол халықтың үнін жеткізіп, ортақ шешім қабылдануына және оның орындалуына ықпал ету.
Осы мақсатта жұмысымды үш негізгі бағытқа негіздеймін.
ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ – ӘРБІР ПІКІР МАҢЫЗДЫ
Қалаға қатысты маңызды шешімдер тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып қабылдануы керек. Әрбір шағынаудан мен тұрғын алаптың өзіндік мәселелері бар. Бір жерде жол жөндеу қажет болса, екінші аумақта ауызсу, кәріз немесе көше жарығы өзекті болуы мүмкін. Сондықтан халықпен тұрақты байланыс орнату – нәтижелі жұмыстың алғашқы қадамы.
Осы бағытта:
– Тұрғындармен тұрақты кездесулер мен қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру;
– Әрбір шағынаудан мен тұрғын алаптың өзекті мәселелерін зерделеп, тұрғындардың ұсыныстарын жинақтау;
– Қоғамдық тыңдаулар мен ашық талқылаулардың тиімділігін арттыруға ықпал ету;
– Әлеуметтік жағынан осал азаматтардың, жастардың, ардагерлер мен кәсіпкерлердің ұсыныстарына назар аудару;
– Жергілікті бюджетті жоспарлау мен маңызды жобаларды талқылау кезінде тұрғындардың пікірін ескеру бастамаларын қолдау.
Мен үшін әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Себебі халықпен ақылдасып қабылданған шешімнің нәтижесі де баянды болады.
МӘСЕЛЕНІ БІРГЕ ШЕШУ – НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ БАСТАР ЖОЛ
Тұрғындардың өтінішін тыңдау жеткіліксіз, оны шешудің нақты жолын қарастыру қажет. Депутаттың міндеті – халық көтерген мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелерге жеткізу, мәслихат отырыстарында талқылау және шешілу барысын бақылау.
Осы ретте төмендегі мәселелерге басымдық беремін:
– Инфрақұрылым: ішкі көшелерді жөндеу, сапалы ауызсумен қамту, электр, газ және кәріз жүйелерін дамыту, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту;
– Аула және абаттандыру: балалар ойын алаңдарын жаңарту, көшелерді жарықтандыру, тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу;
– Әлеуметтік сала: білім беру және денсаулық сақтау нысандарының сапасын арттыру, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру;
– Жұмыспен қамту: шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды ілгерілету;
– Жастар саясаты: спорт, білім, мәдениет және шығармашылық бағыттағы жобалардың қолжетімділігін арттыру;
– Экология және қауіпсіздік: қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, жасыл желекті көбейту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдау.
Бұл мәселелерді шешуде жауапты мекемелермен жүйелі жұмыс жүргізіп, қажет болған жағдайда депутаттық сауалдар жолдаймын. Сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, жоспарланған жұмыстардың сапасы мен мерзіміне депутаттық бақылау жасауға басымдық беремін.
НӘТИЖЕНІ БІРГЕ БАҒАЛАУ – АШЫҚТЫҚ ПЕН СЕНІМ
Халықтың сенімі сөзбен емес, нақты іспен қалыптасады. Сондықтан атқарылған жұмыстардың нәтижесі тұрғындарға түсінікті әрі қолжетімді түрде жеткізілуі керек. Қандай мәселе көтерілді, ол бойынша қандай шара қабылданды, қандай нәтиже бар – осының барлығы ашық айтылуы тиіс.
Осы бағытта:
– Атқарылған жұмыстар мен қабылданған шешімдер туралы тұрғындарға тұрақты есеп беру;
– Тұрғындардан түскен өтініштердің қаралу барысы мен нәтижесін бақылау;
– Қоғамдық маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу;
– Бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатысты мәселелерді ашық көтеру;
– Тұрғындармен кері байланысты үзбей, орындалған жұмыстарға халықтың бағасын ескеру.
Менің түсінігімде, депутаттың жұмысы сайлау науқанымен немесе белгілі бір мерзім-дегі кездесулермен шектелмеуі керек. Халық-пен байланыс тұрақты, есеп беру жүйелі болуы тиіс. Әрбір тұрғын өз ұсынысының ес-керілгенін, көтерген мәселесінің қаралғанын және оның шешілу барысын білуге құқылы.
ОРТАҚ МАҚСАТ – ӨРКЕНДЕГЕН ТҮРКІСТАН
Түркістанның болашағы – бәрімізге ортақ. Қаланың дамуы үшін әрбір азаматтың пікірі мен белсенділігі маңызды. Тұрғындар өз ұсынысын білдіріп, қоғам өміріне араласса, ал депутат сол ұсыныстардың тиісті деңгейде қаралуына және шешілуіне ықпал етсе, ортақ нәтижеге қол жеткізуге болады.
Мен үшін депутаттық мандат – халықтың сенімі мен жауапкершілігі. Сол сенімді ақтау жолында тұрғындармен бірге жұмыс істеуге, олардың мүддесін қорғауға, өзекті мәселелерді көтеріп, шешімін табуына табанды түрде ықпал етуге дайынмын.
Бірлік бар жерде – береке бар. Халықпен бірге көтерілген мәселе, бірлесіп іздеген шешім және ортақ бағаланған нәтиже Түркістанның дамуына қызмет етеді. Түркістанды бірге дамытайық!
