Мансуров Ардак Усенович
ӨМІРБАЯНЫ
Мансуров Ардак Усенович 1988 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Қазақстан Республикасының азаматы.
2014 жылы Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, құқықтану бакалавры академиялық дәрежесін алған. 2016 жылы аталған университеттің магистратурасын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтап, заң ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болған.
2024 жылғы 28 тамыздан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде D078 – «Құқық» білім беру бағдарламалары тобы бойынша PhD докторантурасында білім алуда. Қазіргі уақытта докторантураның 3-курс студенті.
Еңбек жолын 2009 жылғы шілде айында жеке кәсіпкерлік саласында бастаған. Қазіргі уақытта коммерциялық директор қызметін атқарып, кәсіпорынның даму стратегиясын әзірлеу, сату және баға-маркетинг саясатын басқару, қызметкерлерді іріктеу мен оқыту бағыттарындағы жұмыстарды үйлестіреді.
2011 жылғы наурыздан 2013 жылғы желтоқсанға дейін Түркістан қаласындағы «Тұран кәсіпкерлері» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінде заңгер көмекшісі болып қызмет атқарған. Бұл кезеңде ағымдағы құжаттармен жұмыс жүргізіп, белгіленген нысандар бойынша мерзімді есептіліктерді дайындаған.
2014 жылғы наурыздан 2019 жылғы ақпанға дейін Түркістан қаласындағы «Яссы Транзит» өндірістік кооперативінде заңгер қызметін атқарған. Қызмет барысында кооператив жұмысына қажетті үлгілік шарттарды әзірлеп, клиенттермен және контрагенттермен жасалатын келісімшарттарды келіскен, кооператив атынан сенімхаттарды рәсімдеген және нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізген.
2020 жылғы наурыздан бастап «Түркістан Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарады. Компанияның жедел басқаруын жүзеге асырып, клиенттермен жұмыс және ішкі бизнес-процестердің орындалуын, қызметкерлер қызметін бақылайды. Сонымен қатар, стратегиялық және жедел жоспарларға сәйкес кәсіпорын жұмысын ұйымдастырады.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мақсатым – тарихи болмысын сақтаған, инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарына жайлы орта қалыптастырған, жастарға мүмкіндік беретін және экономикалық әлеуеті жоғары Түркістанның өркендеуіне үлес қосу. Қаланың дамуы тек орталық аумақпен шектелмей, барлық шағынаудан мен тұрғын алаптың өмір сапасынан көрініс табуы тиіс.
Осы мақсатта болашақ Түркістанның келбетін айқындайтын алты стратегиялық бағытты басшылыққа аламын.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫҒАН ҚАЛА
Қаланың тұрақты дамуы ең алдымен сапалы инженерлік және көлік инфрақұрылымына негізделеді. Алдағы кезеңде жол, ауызсу, электр энергиясы, табиғи газ, кәріз жүйесі мен қоғамдық көлік мәселелерін жүйелі шешу маңызды. Осы бағыттағы жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына депутаттық бақылау жасауға басымдық беремін.
Басты мақсат – қаланың қай аумағында тұрса да, әрбір тұрғын заманауи инфрақұрылым игілігін сезінетін жағдай қалыптастыру.
ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ШАҺАР
Қаланың көркі оның ғимараттарымен ғана емес, тұрғындарына жасаған қолайлылығымен өлшенеді. Сондықтан, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің сапасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі. Қала құрылысы мен абаттандыру жобаларында тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, әрбір аумақтың қажеттілігіне басымдық берілуіне ықпал етемін.
ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН БІЛІМДІ ҚАЛА
Түркістанның болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті, бастамашыл жастардың қолында. Сондықтан, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, кәсіби мамандық меңгеруіне және қабілетін дамытуына жағдай жасау қажет.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың мәдениетке, ғылымға, спортқа және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына мүмкіндік жасауға назар аударамын. Сонымен бірге, жас мамандардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіби өсуіне ықпал ететін жобаларды қолдау маңызды.
КӘСІПКЕРЛІГІ ӨРКЕНДЕГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ
Түркістанның экономикалық әлеуетін арттыру – жаңа жұмыс орындарын ашудың, тұрғындардың табысын көбейтудің және қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жергілікті өндірісті дамыту, қызмет көрсету саласын жетілдіру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы бастамаларға басымдық беремін.
Жергілікті кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, олардың ұсыныстарын мәслихат деңгейінде көтеруге, кәсіпкерлік нысандардың дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді шешуге ықпал етемін.
ТАРИХИ КЕЛБЕТІ САҚТАЛҒАН РУХАНИ АСТАНА
Қаланың заманауи дамуы осы құндылықтарды сақтаумен және дәріптеумен қатар жүруі тиіс. Тарихи ескерткіштерді қорғау, мәдени мұра нысандарын күтіп ұстау, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жобаларды қолдаймын.
Түркістан тек өткен тарихымен мақтанатын емес, сол мұрадан күш алып, болашағын қалыптастыратын рухани орталық болуы керек.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖАСЫЛ ҚАЛА
Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, экологиялық акциялар мен табиғатты қорғау бастамаларын қолдау бағытында ұсыныстар енгіземін. Жасыл қала – табиғаты қорғалған, таза ауасы мен жайлы қоғамдық кеңістігі бар қала.
БОЛАШАҚ ТҮРКІСТАН – БҮГІНГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Депутат ретінде тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін мәслихат деңгейінде көтеруге, қоғамдық маңызы бар жобалардың орындалуын бақылауға және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына назар аударуға күш саламын. Әрбір отбасының әл-ауқаты жақсарып, әрбір бала сапалы білім алып, әрбір жас өз қабілетін жүзеге асырып, әрбір азамат қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүретін қаланың дамуына үлес қосуды қалаймын.
Мен үшін халыққа қызмет ету – адамдардың жанынан табылу, олардың өтінішіне құлақ асу, өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмау және ортақ игілік жолында адал еңбек ету. Өйткені берекелі қаланың негізі – бақуатты отбасы, ал жарқын болашақтың бастауы – адамға деген қамқорлық.
Бүгінгі Түркістан – ертеңгі ұрпаққа қалдыратын аманатымыз. Сондықтан, туған мекенді дамыту жолында халық мүддесі үшін еңбек етуге дайынмын!
