№1 сайлау округі бойынша Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер

16 көрілім

Әбілда Нұрдәулет Қабланбекұлы

ӨМІРБАЯНЫ

Әбілда Нұрдәулет Қабланбекұлы 1997 жылы 28 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары.

Түркістан қаласындағы №23 Ж.Тәшенев атындағы IT-мектеп-лицейінде білім алып, аталған білім ордасын тәмамдаған.

Орта мектепті аяқтағаннан кейін кәсіптік білім беру ұйымында «Прораб-архитектор» мамандығы бойынша білім алған. Кейіннен осы бағыттағы білімін жоғары оқу орнында жалғастырып, құрылыс саласы бойынша кәсіби біліктілікке ие болған.

Еңбек жолын құрылыс саласында бастап, ғимараттар мен тұрғын үйлердің сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу, құрылыс материалдарын тиімді пайдалану және заманауи құрылыс технологияларын қолдану бағытында тәжірибе жинақтаған.

Қазіргі таңда «Туникафон» цехында шебер маман болып еңбек етеді. Негізгі кәсіби қызметі ғимараттар мен тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттерін әрлеу, заманауи үлгіде қаптау және құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етумен байланысты.

Еңбек жолында құрылыс нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, сәулеттік әрлеу жұмыстарын жүргізу және тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту бағытында кәсіби тәжірибе жинақтап келеді. Өз қызметінде құрылыс жұмыстарының сапасына, кәсіби жауапкершілікке және заманауи технологияларды тиімді қолдануға мән береді.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Құрметті сайлаушылар!

Қаланың дамуы – ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, қолайлы өмір сүру ортасының қалыптасуы. Халық қалаулысы болу – үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік. Мен депутаттық қызметті тұрғындардың мұң-мұқтажын билік мінберіне жеткізіп қана қоймай, оның нақты шешілуіне ықпал ететін маңызды қоғамдық міндет деп санаймын.

Осы мақсатта төмендегі басым бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді міндетіме аламын.

1. Қолайлы қалалық орта және сапалы инфрақұрылым

– Тұрғындарды сапалы ауызсумен, табиғи газбен, электр энергиясымен және орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту жұмыстарын жандандыруға ықпал ету;

– Ішкі көшелерді жөндеу, асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын салу және көше жарықтандыру мәселелерін жүйелі көтеру;

– Аулаішілік жолдарды ретке келтіру, балалар ойын және спорт алаңдарын көбейту;

– Қоғамдық көлік бағыттарының қолжетімділігі мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға бастамашылық жасау;

– Құрылыс жұмыстарының сапасы мен бюджет қаражатының тиімді игерілуіне депутаттық бақылау жүргізу.

2. Әлеуметтік әділеттілік және халықты қолдау

– Аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тиімділігін арттыруға атсалысу;

– Әлеуметтік тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін назарда ұстау;

– Мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ету;

– Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қолдау;

– Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық беру.

3. Жастар саясаты, білім және жұмыспен қамту

– Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби мамандық меңгеруіне және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасауға ықпал ету;

– Жастар кәсіпкерлігін қолдау, жаңа бизнес бастамаларды дамыту тетіктерін жетілдіруге атсалысу;

– Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру;

– Жас мамандарды жұмыспен қамту және олардың әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жобаларды қолдау;

– Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бастамаларды көтеру.

4. Кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу

– Шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге ықпал ету;

– Жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдау;

– Қала экономикасына инвестиция тартуға және өндірістік жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруды қолдау;

– Тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімді жүзеге асырылуын бақылау.

5. Экология және қауіпсіз қала

– Қаланы көгалдандыру, ағаш отырғызу және жасыл аймақтарды көбейту жұмыстарын қолдау;

– Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару мәселесін бақылауда ұстау;

– Саябақтар мен демалыс орындарын абаттандыруға бастамашылық жасау;

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін жетілдіруге ықпал ету;

– Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдау.

6. Тарихи қаланың әлеуетін арттыру

– Түркістанның тарихи-мәдени келбетін сақтай отырып, заманауи қалалық инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету;

– Тарихи мұраларды қорғау, мәдениет пен туризм саласындағы жобаларды қолдау;

– Қаладағы қолөнер, ұлттық өнер және мәдени кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету;

– Түркістанның туристік тартымдылығын арттыратын бастамаларды қолдау.

7. Халықпен тұрақты байланыс және ашықтық

– Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін назарда ұстау;

– Азаматтардың өтініштері мен шағымдарының құзырлы мекемелер тарапынан қаралуына ықпал ету;

– Қала бюджетінің жоспарлануы мен игерілуіне, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына депутаттық бақылау жасау;

– Әрбір көтерілген мәселенің шешілу барысы туралы тұрғындарға тұрақты ақпарат беріп, халық алдында есеп беру.

Құрметті сайлаушылар!

Әр адамның өмір жолы әртүрлі. Бірі білім саласында еңбек етеді, енді бірі кәсіпкерлікті дамытады, үшіншісі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосады. Алайда қай салада жүрсек те, баршамызды біріктіретін ортақ мұрат бар. Ол – отбасымыздың амандығы, балалардың жарқын болашағы, туған еліміздің тыныштығы мен өркендеуі.

Менің өмірлік тәжірибем де осы құндылықтардың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Құрылыс, сәулет саласында еңбек еткен жылдарым маған адам тағдырына бейжай қарамауды үйретті. Табандылықтың, адал еңбектің және әрбір шешім үшін жауап бере білудің маңызын көрсетті.

Бүгінде осы тәжірибемді қоғам игілігіне бағыттауды мақсат етіп отырмын.

Мен үшін депутаттық мандат – жеке басымның абыройы емес, халықтың аманаты. Әрбір тұрғынның пікірі ескеріліп, әрбір өзекті мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Құрғақ уәде беруден гөрі, нақты іске бастамашы болып, нәтижеге жұмыс істеуді басты қағидам деп білемін.

Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, қаламыздың дамуына бірге үлес қоса аламыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы