Тагабаев Ержан Базарбаевич
ӨМІРБАЯНЫ
Тагабаев Ержан Базарбаевич 1992 жылы 27 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі – арнаулы орта.
1999 жылы Оранғай ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып, аталған білім ордасында 2008 жылға дейін білім алған. 2008 жылы Түркістан қаласындағы «Болашақ» колледжіне оқуға түсіп, 2010 жылы қаржы мамандығы бойынша білімін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы жеке кәсіпкерлік саласында бастаған. 2010–2016 жылдар аралығында кәсіпкерлік қызметпен айналысып, шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру және қаржылық мәселелерді басқару бағытында тәжірибе жинақтаған.
2016 жылы «Жолаушы» ЖШС-нің автопаркіне жүргізуші болып жұмысқа орналасқан. Қоғамдық көлік саласында еңбек еткен жылдары жолаушылар тасымалының ерекшеліктерімен, қала тұрғындарының көлік қатынасына қатысты күнделікті қажеттіліктерімен және саланың өзекті мәселелерімен етене танысқан.
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «Жолаушы» ЖШС-де автоколонна басшысы қызметін атқарып келеді. Отбасылы. Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған әке.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Қымбатты жерлестер!
Түркістан – тарихы терең, тағылымы мол, елдігіміз бен руханиятымыздың алтын бесігіне айналған қасиетті шаһар. Қазір қаланың келбеті көркейіп, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен қаланың шынайы дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасымен өлшенуі тиіс. Әрбір отбасының қолайлы жағдайда өмір сүруі, балалардың қауіпсіз ортада білім алуы, азаматтардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі, көшелердің жарық әрі жолдардың қауіпсіз болуы – қоғам үшін қашанда өзекті мәселелер.
Мен осы Түркістан қаласында дүниеге келіп, еңбек жолымды кәсіпкерлік саласында бастап, кейін қоғамдық көлік жүйесінде жалғастырдым. Қала тіршілігімен тығыз байланысты салада жұмыс істеген жылдарымда тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін, жолаушылар тасымалының маңызын, жол инфрақұрылымының сапасы мен көлік қатынасының қолжетімділігіне қатысты мәселелерді жақынырақ таныдым.
Қоғамдық көлік – қаланың тіршілік тамыры. Күн сайын мыңдаған тұрғын жұмысқа, оқуға, медициналық мекемелерге және өзге де қажетті орындарға қоғамдық көлік арқылы қатынайды. Сондықтан, жолаушылар тасымалының сапасы, жолдардың жағдайы, аялдамалардың қолайлылығы және көлік қозғалысының қауіпсіздігі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
№10 сайлау округінің тұрғындары үшін де шешімін табуы тиіс әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелердің маңызы зор. Осыған байланысты сайлауалды бағдарламамның негізіне халықтың күнделікті қажеттіліктерін, қоғамдық көлік пен жол инфрақұрылымын жетілдіруді, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруды және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің ескерілуіне ықпал етуді ұсынамын.
Сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттары:
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектептер мен балабақшалар маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыруға, қажетті жол белгілері мен бағдаршамдардың орнатылуына ықпал ету;
– Тұрғындардың сапалы ауыз сумен, тұрақты электр қуатымен және қажетті коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етілуіне, инженерлік инфрақұрылымның сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарға қолдау көрсету;
– Қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жолаушылар тасымалының тұрақты ұйымдастырылуына, тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес көлік бағыттарын жетілдіру мәселелерін тиісті мекемелермен бірлесе қарастыруға атсалысу;
– Қоғамдық көлік аялдамаларының жағдайын жақсартуға, жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз күту орындарын қалыптастыруға, аялдамаларды қажетті ақпараттық белгілермен және жарықтандыру жүйелерімен қамтамасыз ету мәселелерін көтеруге;
– Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушылардың сапалы білім алуына, мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысу;
– Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетуге, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың еңбек нарығына бейімделуіне атсалысу;
– Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға, спорт алаңдары мен мәдени-демалыс орындарының жағдайын жақсартуға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қолдау білдіру.
Құрметті сайлаушылар!
Туған жерінің тағдырына бейжай қарамайтын, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде тұрғындарды толғандырған әрбір мәселе назар аударуға лайық деп есептеймін.
Өткен жылдардағы еңбек тәжірибем қоғамдық көлік саласының қала өміріндегі маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Жолаушылар тасымалы – тек адамдарды бір мекеннен екінші мекенге жеткізу қызметі ғана емес, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, олардың еңбек етуіне, білім алуына және күнделікті қажеттіліктерін өтеуіне жағдай жасайтын маңызды жүйе. Қоғамдық көліктің тұрақты жұмыс істеуі жолдардың сапасына, аялдамалардың қолайлылығына, қозғалыс қауіпсіздігіне және қызмет көрсетудің ұйымдастырылуына тікелей байланысты. Сондықтан, аталған мә-селелерге ерекше назар аударып, тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстардың тиісті мекемелерде қаралуына ықпал ету – бағдарламамдағы негізгі бағыттардың бірі.
Сонымен қатар, қала тіршілігін тек бір саланың аясында қарастыруға болмайды. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін сапалы білім, қолжетімді медицина, тұрақты коммуналдық қызмет, қауіпсіз қоғамдық орта және кәсіпкерліктің дамуы қатар жүруі қажет. Жаңарған шаһардың игілігін әрбір тұрғын сезінуі маңызды.
Азаматтың абыройын асқақтататын басты қасиеттер – адал еңбек, жауапкершілік және елге деген жанашырлық. Қандай қызметте болсын нақты нәтиже жүйелі жұмыс пен өзара түсіністіктің арқасында қалыптасады. Сондықтан, сайлауалды бағдарламамда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға заңда көзделген депутаттық өкілеттіктер аясында күш-жігер жұмсауды мақсат етемін.
Мен жеті баланың әкесі ретінде өскелең ұрпақтың болашағы, олардың сапалы білім алуы, жан-жақты дамуы әрбір отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Сайлаушылардың сенімі – іргелі істер атқаруда үлкен жауапкершілік жүктейді.
