ӨМІРБАЯНЫ
Ибраев Ербол Абдумуталипович 1990 жылы 18 наурызда Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1997 жылы Алматы қаласындағы №22 гимназия-мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 2000 жылы Кентау қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы №24 орта мектепке ауысқан. Аталған білім ордасын 2008 жылы тәмамдаған.
2008 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, 2012 жылы «Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғары білімді тәмамдаған. Сонымен қатар, 2017–2019 жылдары Орталық Азия инновациялық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2012 жылы Түркия Республикасындағы «Стамбул Текстил» компаниясының сату бөлімінде менеджер қызметінен бастаған. 2013–2015 жылдары Алматы қаласында жобалаушы-сызбашы болып жұмыс істеген. 2015–2016 жылдары «БТА Банк» АҚ-ның Кентау қалалық филиалында кассир қызметін атқарған.
2016 жылы Кентау қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатында кадр маманы болып еңбек еткен. 2019–2022 жылдары аталған білім беру мекемесі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, оқу орнының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету және шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру бағытында тәжірибе жинақтаған.
2023 жылдың қаңтар айында «Ритм Медикал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, аталған мекеменің директоры қызметін атқарған. 2024 жылдың мамыр айынан бастап «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Екі қыздың әкесі.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Қымбатты жерлестер!
Бүгінде еліміз жаңару мен жаңғырудың маңызды кезеңін бастан өткеруде. Мемлекетіміздің тұрақты дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта әрбір өңірдің өркендеуі, әрбір елді мекеннің көркеюі, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешімін табуы айрықша маңызға ие.
Тарихы терең, тағылымы мол Түркістан қаласы бүгінде еліміздің рухани және мәдени орталықтарының бірі ретінде жаңа даму белесіне көтеріліп келеді. Киелі шаһардың келешегі, оның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен тұрғындарының тұрмыс сапасы – қала өміріне бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды мәселе.
Менің еңбек жолым қаржы, білім беру, кәсіпкерлік және басқару салаларымен тығыз байланысты. Әртүрлі қызметте жинақтаған тәжірибем қоғамның дамуы үшін жауапкершілік, жүйелі жұмыс және нақты нәтижеге бағытталған бастамалардың қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берді.
№10 сайлау округі – Түркістан қаласының әлеуметтік және экономикалық тыныс-тіршілігінде өзіндік орны бар аумақ. Мұндағы тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері, инфрақұрылымның сапасы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен кәсіпкерліктің дамуы тұрақты назар аударуды талап етеді. Сондықтан, сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттары ретінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етуді, шағын және орта бизнесті қолдауды, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының дамуына жәрдемдесуді және қоғамдық инфрақұрылымды жетілдіруді ұсынамын.
Атап айтар болсам:
– Сайлаушылардың ұсыныстары, өтініштері мен сын-ескертпелерінің жергілікті атқарушы органдар тарапынан уақытылы қаралуына, көтерілген мәселелердің заң аясында оң шешімін табуына ықпал ету;
– Түркістан қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетуге, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал ету;
– Автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға, ішкі көшелерді асфальттау, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуіне атсалысу;
– Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың, көпбалалы аналардың, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелерін назарда ұстап, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға атсалысу;
– Жастардың білім алуына, кәсіби біліктілігін арттыруына, кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына және жұмыспен қамтылуына бағытталған жобаларға қолдау көрсету.
Құрметті сайлаушылар!
Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Ал халықтың сеніміне ие болу – сол жауапкершіліктің ең биік өлшемі. Мен еңбек жолымда түрлі саланың жұмыс ерекшеліктерімен танысып, ұйымдастырушылық және басқарушылық тәжірибе жинақтадым. Қаржы саласындағы қызметім қаражаттың тиімді жұмсалуы мен есептіліктің маңызын түсіндірсе, білім беру мекемесіндегі жұмысым жас ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасаудың жауапкершілігін ұғындырды. Ал кәсіпкерлік саласындағы тәжірибем жаңа бастамаларды қолдаудың, жұмыс орындарын қалыптастырудың және экономикалық белсенділікті арттырудың қоғам үшін маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сондықтан, сайлауалды бағдарламамда білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік инфрақұрылым және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше мән беріп отырмын. Бұл бағыттардың әрқайсысы бір-бірімен тығыз байланысты.
Мен үшін маңызды ұстанымдардың бірі – ашықтық пен жауапкершілік. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, оның тиісті мемлекеттік органдарда қаралуына ықпал ету, қабылданған шешімдердің орындалу барысын қадағалау және сайлаушылармен тұрақты байланыс орнату депутаттық қызметтің ажырамас бөлігі болуы тиіс деп есептеймін. Түркістанның болашағы – баршамызға ортақ. Қаламыздың көркеюі, тұрғындардың әл-ауқатының артуы, жас ұрпақтың жарқын келешегі және қоғамдағы тұрақтылық әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты.
Алдағы уақытта да тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың ұсыныстары мен сын-ескертпелеріне құлақ асу, қоғамдық маңызы бар мәселелердің шешілу барысын назарда ұстау маңызды деп есептеймін. Әрбір тұрғынның пікірі ескеріліп, әрбір орынды ұсыныс тиісті деңгейде қарастырылғанда ғана қоғамдағы өзара сенім беки түседі.
Халықтың сенімі құрғақ уәдемен емес, нақты жұмыспен, адалдықпен және нәтижемен қалыптасады. Сондықтан алға қойылған міндеттердің орындалуына заңда белгіленген депутаттық өкілеттіктер шеңберінде күш-жігер жұмсау – басты мақсатым.
