ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ – ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ОТБАСЫ

108 көрілім

Түркістан облысында зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет ету үшін құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық кеңестер бірлесіп жұмыс істейді. Бұл өзара үйлесімділік нәтижесінде тұрғындарға көмек көрсету мен ақпараттандыру жұмыстары жаңа деңгейге шықты дегенді білдіреді.

Қоғамның негізгі ұясы саналатын отбасының тыныштығы мен берекесін сақтау – мемлекет пен қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық – бұл тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл елдің қауіпсіздігіне әсер ететін әлеуметтік проблема. Түркістан облысында осы бағытта кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Облыста «Көмек», «Сенім-Ай», «Сана сезім» сынды дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтарда жәбір көрген әйелдер мен балаларға медициналық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Олар арнайы бағдарламалар арқылы әлеуметтік бейімделуден өтеді, қажет болған жағдайда уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл орталықтарда білікті мамандар жәбірленушілермен жан-жақты жұмыс істейді, олардың сенімін қалпына келтіруге және өмірге қайта бейімделуіне көмектеседі.

Зорлық-зомбылықтың алдын алуда ақпараттық түсіндіру жұмыстары ерекше маңызға ие. Осы мақсатта өңірдің барлық аудандарында халықпен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер өткізілуде. «Отбасында зорлық – зомбылыққа жол жоқ», «Әйелге құрмет – ұрпаққа өнеге» атты шаралар арқылы тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары мен одан қорғану жолдары түсіндіріледі. Бұл кездесулерге психологтар, заңгерлер, учаскелік инспекторлар және қоғамдық белсенділер қатысады.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа зорлық-зомбылық белгілері, жедел көмек алу жолдары және құқықтық қорғау тетіктері туралы тұрақты түрде ақпарат берілуде. Бұл ақпараттық қолдаулар адамдардың өз құқығын білуіне, зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде тоқтатуына және жәбірленушілердің жалғыз еместігін сезінуіне ықпал етуде.

Облыста әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлескен жоспарлар бекітілген. Олар профилактикалық жұмыс жүргізіп қана қоймай, нақты көмекке зәру азаматтарға бағытталған жеке жобаларды іске асырып келеді. Отбасылармен және жастармен психо-профилактикалық жұмыс жүргізу арқылы агрессияның, жанұяішілік қақтығыстардың алдын алуға ерекше мән берілуде.

Мемлекет тарапынан қолға алынған «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы аясында да аймақ көлемінде ауқымды шаралар өтті. Бұл флешмобтар мен челлендждер қоғамның назарын отбасындағы зорлық мәселесіне аударып, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталды.

Түркістан облысы – зорлық-зомбылықсыз, тыныш әрі берекелі қоғам қалыптастыру жолында тың бастамалар мен табанды істерге негізделген өңір. Мұндай мақсатқа жету – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз қажет. Өйткені қауіпсіз және бақытты отбасы – берік қоғамның іргетасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы