Бүгін, 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында тұрғын үй кезегінде тұрған түркістандықтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, баспаналы болған тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда шаһарда жалпы саны 588 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған. Оның ішінде 194 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жалдамалы тұрғын үй ретінде берілсе, қалған 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы ұсынылуда.

Мерейлі сәтте «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Әділжан Рахымжанұлымен сұхбаттасудың орайы түсті. Аз-кем сұхбатында Әділжан Рахымжанұлы өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды:

– Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірде мыңға жуық жалдамалы тұрғын үй және өзге де несиелік баспаналар беріліп жатыр. Жалпы, Түркістан облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны өте жоғары. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін баспаналар саны жағынан республика бойынша алдыңғы қатардамыз. Биылғы тоғыз айдың өзінде 25 миллиард теңге көлемінде несиелік тұрғын үйлер берілді. Жыл соңына дейін де көптеген азаматты баспанамен қамту жоспарланып отыр, – деді ол.
Айтулы күнде баспаналы болған барша түркістандықтарды құттықтаймыз!
Дәурен ТІЛЕУХАН