ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

190 көрілім

Түркиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Қазақстаннан қырықтан астам оқымысты-ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосқан «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: жаңа дереккөздер және оларды интерпретациялау тәсілдері» атты халықаралық форум жұмысы кеше басталған болатын. Ал бүгін, қасиетті жұма күні Түркістан қаласындағы «Ясауи» музейінде форум өз жұмысын жалғастырды. Бұл халықаралық басқосуды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (ИРСИКА) бірлесе ұйымдастырды. Сондай-ақ, келелі жиынға жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, студенттер, ғылымды мұрат тұтқан жас зерттеушілер қатысты.

Форум аясында Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы мен мұрасы, Ясауи ілімі, «Диуани хикмет» қолжазбалары, Ясауийа тариқатының тарихы мен рухани сабақтастығы, Түркістан және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи-мәдени кеңістігі, сондай-ақ Ясауи мұрасын зерттеудің заманауи әдістері мен цифрлық гуманитаристика сынды өзекті тақырыптар талқыланды.

Форум жоғарыда айтып өткен негізгі ғылыми жеті бағытты қамтыды. Ұсыныс-пікірлер, жаңашыл ізденістер мен әдістер айтылды. Форум қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде жұмыс істеді.

Халықаралық форумның ашылу салтанатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Ерғазыұлы Дакенов сөз сөйлеп, маңызды жиын жұмысына сәттілік тіледі.

Форумға Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) профессоры, тарих ғылымдарының докторы Муминов Әшірбек Құрбанұлы модераторлық етті.

Осы аталмыш орталықтың өкілі, профессор Женгиз Томар «ИРСИКА» зерттеу орталығының ғылыми тәжірибесі туралы баяндай келіп, жыл сайын қазан айында «Ясауи апталығын» жүйелі өткізіп тұру туралы ұсынысын білдірді.

Түркия Дін істері қорының Ислам зерттеулері орталығының (ИСАМ) бас хатшысы аталған орталықтың ғылыми жұмыстарының бағыты мен тәжірибесіне тоқталды.

«IRCICA» профессоры Әшірбек Құрбанұлы Муминов «XIX ғасырдағы Қоқан хандығының киелі және қасиетті орындарының жол картасы» туралы, Ресей Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Алексей Александрович Хисматулин «Способы улучшения качества перевода искусственного интеллекта суфийских текстов» деген тақырыптағы мәселелерге тоқталды.

Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан Беруни атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Эшонова Салимахон Нишонбекқызы, Ташкент мемлекеттік шығыстану университеті «Түркітану» жоғары мектебінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ишмухамедова Марям Маликовна, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Тышхан Кеңшілік «Иасавийа тариқаты хикметтерін жинақтау, каталогтау және академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі жол картасы» жайында әңгімеледі.

Өткен жылы қараша айында «Әзірет Сұлтан» музейінің өкілдері Түркияның орталығында, Анадолы тау қыратында орналасқан көне Конья қаласында болса, мамыр айында Конья музейінің директоры Түркістанға келіп, екі қала арасында рухани байланыстар бұрынғыдан да нығая түскен екен. Өзара тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылған. Бұл қадамдардың маңызы зор екендігі айтылды.

Тұранның мәдени трансформациясы, тақырыптың жаңалануы, жақсы идеялардың мағынасын жоғалтпау тұрғысындағы ойлар ортаға салынды.

Форумның күн тәртібіне шығарылған мәселелер форумға қатысушылар тарапынан асқан қызығушылықпен, жан-жақты талқыланды. Әсіресе, «Ясауи форумын» өткізгенде Қожа Ахмет Ясауидің өмірбаяны немесе хикметтерімен шектеліп қалмай, тақырып ауқымын кеңейту ұсынылды. «IRCICA»-ның конференция өткізудегі оң принциптері туралы да модератор тарапынан жылы лебіз білдірілді. Философия ғылымдарының докторы, ясауитанушы ғалым Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай форум жұмысын қорытындылап, тұжырымды пікірлерін білдірді. Екі күнге созылған халықаралық форумға қатысушы қонақтар Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана кесенелеріне саяхат жасап, киелі қаланың көрікті жерлерін аралады.

Р.НАРЫМБЕТОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы