ТҮРКІСТАНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

92 көрілім

Ертең, 25 қазанда, Түркістан қаласында Республика күніне орай марафон өтеді. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шараға 3 мыңға жуық адамның қатысуы күтілуде. Бесінші рет ұйымдастырылып отырған марафон қарсаңында қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Жібек жолы саябағында ағаш отырғызды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі бастаманың мақсаты – марафонға қатысушылардың туған жердің көркеюіне үлес қосуына мүмкіндік беру, қаланы көгалдандыруға қоғам назарын аудару.

Ағаш отырғызу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Құдияров қатысып, марафоншыларға алғысын білдірді.

«Түркістан қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын марафон биыл да жалғасын тауып отыр. Осы шара қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдап, қасиетті мекеніміздің көгалданып, гүлденуіне үлес қосып жатқандарыңыз үшін көп рақмет! Ертеңгі марафонда баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Ғалымжан Құдияров.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы марафонға әлемнің 26 елінен 300-ден астам шетелдік азамат қатыспақ. Жалпы қатысушылар саны 3 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

Марафон сағат 06:30-дан 14:30-ға дейін өтеді. Қатысушылар 42,2 шақырым, 21,1 шақырым және 10 шақырым қашықтықтарда жүгіріп, скандинавиялық жүріс пен балаларға арналған 3 шақырымдық жарысқа қатыса алады.

Жарыстың басталу және аяқталу нүктесі – «Керуен Сарай» кешені. Марафон бағыты Бекзат Саттарханов даңғылы арқылы әуежай бағытына қарай және кері бағытта өтеді.

Сонымен қатар 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтетінін ескере отырып, Бекзат Саттарханов даңғылының қозғалыс бөлігінің бір жағын уақытша жабу жоспарланған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы