Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен биыл үшінші рет “Түркілер төрі – Түркістан” атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жастығына қарамай талай айтыстарда сөз маржанын теріп, төселген он екі ақынның өнеріне “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері, айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздіктері, айтыскер ақындар Өміржан Көпбосынов, Бекмұрат Анарбаев қазылық етсе, белгілі даңғайыр жырау Аязбек Рүстемов сарапшы болды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы айтыскер ақындарға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Алты жұпқа топтастырылған ақындарға түрлі тақырыптар ұсынылды. Алғашқы болып топқа түскен жұпқа “Ата Заңым – айбарым” деген тақырып ұсынылса, кейінгі сөз өнерінің сайысын дүбірлеткен ақындар “Қазақтың Өзбекәлісі”, “Жасанды интеллект – заман талабы”, “Ескірмейтін Шәмші әні. Ш.Қалдаяқов- 95 жаста”, “Түлеген Түркістан”, “Қазақтың Шахановы” деген тақырыптарда өлеңнен түйін түйіп, аламан айтыстың әрін кіргізді.

Тартысты өткен жыр додасына Қызылорда облысынан Сырым Әділбек, Түркістан облысынан “Күміс домбыра” иегері Аян Ниязбек, ұлылар мекені – Ұлытаудан Сырым Нығызбай, Түркістан қаласының намысын қорғаған Исламхан Мұхамедханұлы, шұғылалы Шығыс Қазақстаннан Гүлжан Ықылас, шырайлы Шымқаладан Ердәулет Ыбыраев, “Күміс домбыраның” алғашқы иегері Нұрмахан Жақыпбек, Түркістаннан Нұрдәулет Өмірбек, жыр алыбы Жамбыл өңірінен Мұхтар Қонарбаев , Қостұраның етегінде туып, Елордада еңсе көтеріп, Астана намысын қорғаған Нұртілеу Төленбек, былтырғы “Түркілер төрі – Түркістан” атты жас ақындар сайысының бас жүлдегері Ахметрасул Баянбай, Түркістан халқы үкілеп топқа қосқан жас жүйрік Шахмардан Бекарысұлы қатысты.

Сайыс қорытындысында киелі қаланың намысын қорғап, айтыс өнерінің үлгісін көрсеткен Аян Ниязбек бас жүлдені жеңіп алып, бір миллион теңгенің сертификатына ие болды. Бірінші орын алған Нұртілеу Төленбек 600 000 теңгенің сертификатына, екі екінші орынға және 500 000 теңгенің сертификатына Мұхтар Қонарбаев пен Ахметрасул Баянбай ие болды. Үш үшінші орын мен 450000 теңгелік сертификаттар Сырым Әбдібеков, Нұрмахан Жақыпбек, Сырым Нығызбайға бұйырды. Барлық қатысушыларға арнайы жүлделер мен 400000 теңгелік сертификаттар табысталды. “Түркінің төрі – Түркістан” республикалық жас ақындар айтысы тартымды ой, қазақы қалжың, құнды пікірлерімен көрермен есінде қалды.
