Бүгін киелі шаһардағы О.Жарылқапов атындағы стадионда бір әулеттің өкілдерін жасыл алаңда тоғыстыратын доп додасы басталды. Биыл ширек ғасырлық тарихы бар «Бір атаның балалары футбол ойнайды!» атты жанұялық командалар арасындағы XXV республикалық жарысқа еліміздің әр өңірінен 32 команда жиналды.
Екі күнге жоспарланған футбол жарысы ширек ғасыр ішінде талай әулеттің басын қосты.
Жарыстың тағы бір ерекшелігі – спорт алаңында бірнеше ұрпақтың қатар ойнап, шөбересі, немересі, әкесі, баласы және атасының бір командада ойнауы әлемде баламасы жоқ ерекше формат.

Дода барысында футбол бәйгесінің негізін қалаушы, белгілі спорт журналисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы 25 жылдық тарихы бар жарыс туралы аз-кем пікір білдірді.

– Бүгін тарихи Түркістан топырағына келдік. Бұл жарыс 2001 жылы бастау алды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала отбасындағы тәрбиені көріп өседі. Сондықтан әкенің спортқа қызығушылығы балаға да әсер ететіні сөзсіз. 25 жыл ішінде осы жарыстан елге танылған спортшылар да өсіп шықты. Солардың қатарында белгілі футболшылар Жігер және Жамбыл Көкеевтер бар. Әр жылдары додаға даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, сондай-ақ, шағын футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Серік Жаманқұлов та өз отбасыларымен қатысты, – деді Н.Жүнісбайұлы.

Айта кетейік, жарыстың салтанатты ашылуынан соң алғашқы ойындар басталды. Дода ертең, яғни, 5 қыркүйекте мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталады.
Д.ТІЛЕУХАН
