ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ МОЛ

40 көрілім

Мемлекеттік кірістер жүйесі – біздің қоғамымыздың экономикалық өзегін ұстап тұрған маңызды сала. Алайда, бұқара халық жұмыс аясы ауқымды, жан-жақты бұл саланың жұмысындағы ерекшеліктерді жете біле ме, жетік пайдалана алып жүр ме? Жалпы, кірістер басқармасының негізгі жұмыс аясына қандай міндеттер кіреді?

Алғашқыда салық комитеті, салық басқармасы, салық инспекциясы, ал қазіргі таңда Мемлекеттік кірістер басқармасы деп аталатын бұл жүйенің мемлекетіміздің өркендеп, дамуында атқарар рөлі қандай?

Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі, қаржылық саладағы жеткен жетістіктері, қаржылық сауаттылық бағытындағы қадамдары қандай? Осындай көкейтесті сауалдарға жауап іздеп, тәжірибелі де іскер басшы, алғашқы еңбек жолын қазіргі күні өзі басқарып отырған Мемлекеттік кірістер басқармасында бастап, талай биіктерді бағындырған Шәкен Махмұтұлы Жаңбырбаевқа жолығып, сұхбаттасқан едік. Бұл басқарманың қалыптасу тарихы 1991 жылдан басталған Қазақстанның салық қызметінің дамуымен тығыз байланысты. Содан бері аталмыш басқарма тарихи қаланың өзекті саласын жандандырып келеді. Қаншама өзгеріске ұшыраған көне шаһардың қаржылық капиталын бір ізге түсіру жолында қыруар жұмыстар атқарылған. Басқарманың салалас әріптестері арасында да абырой-беделі жоғары. Ауыз толтырып айтарлық табыстары да мол. Шәкен Махмұтұлымен әңгімеміз осы бағытта өрбіді. Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы – салықтық әкімшілендіруді жүзеге асырып, мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға үлес қосып келе жатқан мемлекеттік орган. Басқарманың қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан ардагерлердің еңбегі зор. Бүгінде олардың тәжірибесі жас мамандарға өнеге. Бүгінгі таңда басқармада жалпы саны 34 мемлекеттік қызметкер қызмет етеді. 2014 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті қайта құрылған күннен бастап басқармада 7 қызметкер зейнеткерлікке шықты. Біздің ұжымның басты құндылығы – кәсібилік, жауапкершілік және өзара қолдау. Басқарма жұмысында ашықтыққа, азаматтармен тиімді байланыс орнатуға, заманауи цифрлық қызметтерді дамытуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің заңнамаға сәйкес уақытылы әрі толық түсуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, басқарма салық төлеушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету, салық заңнамасын түсіндіру және кәсіпкерлерге әдістемелік көмек беру бағытында жұмыс жүргізеді. Осы жетістіктің сыртында білікті басшы Шәкен Махмұтұлы Жаңбырбаев басқарып отырған ұйымшыл ұжымның тынымсыз еңбегі, озық тәжірибелері жатыр.

– Шәкен Махмұтұлы, Мемлекеттік кірістер басқармасының жұмыс ауқымы кең екенін білеміз. Осыны таратып айтсақ?

– Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік бюджетті қалыптастыруға және қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды салалардың бірі. Оның жұмыс аясы өте кең. Атап өтетін міндеттердің бірі – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің заңнамаға сәйкес уақытылы әрі толық түсуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, басқарма салық төлеушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету, салық заңнамасын түсіндіру және кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету. Біздің басты мақсатымыз – тек бақылау жүргізу немесе салықтық міндеттемелердің орындалуын талап ету ғана емес, ең алдымен азаматтар мен кәсіпкерлерге заң талаптарын түсінуге көмектесу, салық төлеу рәсімдерін жеңілдету және қоғамда салық төлеу мәдениетін нығайту.

Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан салық төлеушілердің қаржылық және салықтық сауаттылығын арттыру, ашықтық пен өзара сенімді нығайту бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Атап айтқанда, азаматтармен және кәсіпкерлермен кездесулер, сондай-ақ БАҚ-пен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер арқылы салық заңнамасындағы өзгерістер мен электрондық қызметтерді пайдалану тәртібі түсіндіріледі.

Сондай-ақ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп, салық төлеушілердің сауаттылығын арттыруға және электрондық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін түсіндіруге бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар, тұрғындар мен кәсіпкерлердің өтініштері мен сұрақтарына жауап беріліп, кері байланыс орнату мақсатында Басқармада әр аптаның сәрсенбі күндері «Ашық есік» күні өткізіледі.

Мұндай жұмыстар халықтың салықтық сауаттылығын арттырып, салық органдарына деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Азаматтардың қаржылық сауаттылығына байланысты сөз қозғайтын болсақ, бүгінгі таңда кірістер басқармасының салық төлеушілермен қарым-қатынасы, қызметі электронды түрде атқарылады. Бұрынғы кездердегідей құшақ-құшақ қағаз көтеріп, кассада кезекке тұратын заманның қиындығы келмеске кеткен. Жоспарлы есеп-қисаптар болсын, басқа да аударымдар болсын, электронды жүйемен жүзеге асады. Бұл орайда кәсіпкерлерге, яғни заңды тұлғаларға болсын, жеке азаматтарға болсын, мемлекет тарапынан жан-жақты жағдайлар жасалғандығын атап өткен жөн. Жаңа заманның жаңа лебі еліміздің экономикалық дамуына, өркендеуіне қомақты үлес қосып отырған салық жүйесінде де айқын байқалуда. Салық төлеушілерде бұрынғыдай «Қайда төлеймін? Қанша төлеймін?» деген сауалдар қойылмайды. Қай банкте есепшотыңыз бар, сол жерге хабарлама келіп тұрады. Сондықтан да қазіргі таңда кез келген тұрғын үйінен шықпай-ақ барлық кіріс-шығыс аударымдарды дер кезінде жасай алады. Демек, бұл халқымыздың қаржылық сауаттылығының артқандығын және сол қаржылық сауаттылықты арттыруға мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп отырғандығының айғағы.

Қазір қандай да бір мүлкіңіз мемлекеттік дерекке тіркелгеннен кейін ары қарай өңдеу, оның салығын есептеу, меншік иесіне хабар беру, барлығын салық органы өз мойнына алады. Салықты талдап, зерттеп хабарлама ретінде ұсынып отырамыз. Сіз сол салықпен келіссеңіз, төлейсіз. Егер келіспесеңіз, шағым келтіруіңізге болады. Шағым келтіру мәселесі «Е-өтініш» бойынша немесе кірістер басқармасының «Әмиян» мобильдік қосымшасы, тағы басқа да әлеуметтік желілері арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ешкім аяғынан тозып, кірістер басқармасының мекенжайын іздемей-ақ, салыққа, есеп-қисапқа қатысты мәселелерін шеше алады.

Осы жеткен жетістіктің бәрі өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, төрт қақпалы Түркістанның әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне еселі үлес қосқан және қазір де үлес қосып жүрген қызметкерлердің арқасы. Мұнда қаншама өз ісінің мамандарының, ар жауапкершілігі мен адал қызметті бәрінен жоғары қоятын басшылардың, ардагерлердің маңдай тері, ізгілікті ізі жатыр. Атап айтар болсақ, Тойжанов Серік, Атанбаев Максут Рахимбекұлы, Б. Тағаев, Сыздыков Қанжігіт Сыздықұлы, Орынбаев Мықтыбек Қалаубайұлы, Тағаев Нұрлан Кенжеұлы, Қ. Төлендиев аталмыш мекемеде басшылық қызмет атқарды. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарының үздіктері Атемов Ермахан Сапарұлы, Есқара Мақсат Ахметұлы, Құрманбек Ержан Сұлтанбекұлы, Файзуллаева Вазира, Шадибеков Рашид Ергашевич, Кизбаев Бақытжан Төлегенұлы, қаржы қызметінің үздіктері Даушебаева Күлайхан Файзуллақызы, Бижанова Айгүл Жакийбайқызын әріптестері мақтан тұтады. «Өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп өз ісінің майталмандарының портретін басқарма төріне іліп қойдық», – дейді Шәкен Жаңбырбаев.

– Осы орайда Түркістан қалалық кірістер басқармасының бүгінгі таңда жеткен жетістігі, салалас әріптестер арасындағы бедел-абыройы, марапаттары мен тәжірибе алмасулары туралы да айта кетсек?

– Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жетістіктері – бюджет кірістерін қамтамасыз ету, салық төлеушілерге сапалы қызмет көрсету және салық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Мысалға айта кететін болсақ, мемлекеттік бюджет бойынша 2025 жылғы 79 593 691,0 мың теңге көлеміндегі түсім сомасы 2022 жылғы 32 018 295,0 мың теңге көлеміндегі түсім сомасымен салыстырғанда 47 575 396,0 мың теңгеге, немесе 2,5 есеге артып отыр.

Оның ішінде, республикалық бюджет бойынша 2022 жылы түсім сомасы 11 573 102,0 мың теңгені, ал 2025 жылы 26 599 818,0 мың теңгені құрап, 15 026 716,0 мың теңгеге, немесе 2,3 есеге, жергілікті бюджет бойынша түсім сомасы 2022 жылы 20 445 193,0 мың теңгені, ал 2025 жылы 52 993 873,0 мың теңгені құрап, 32 548 680,0 мың теңгеге, немесе 2,6 есеге артқан.

Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің түсім сомасы 53 453 371,0 мың теңгені құрады.

Оның ішінде, республикалық бюджет бойынша түсім 18 278 933,0 мың теңге, жергілікті бюджет бойынша түсім 35 174 438,0 мың теңге.

Ұжым қызметкерлері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіруге басымдық береді.

Салалас әріптестермен тәжірибе алмасу, озық жұмыс тәсілдерін енгізу және өзара ынтымақтастықты нығайту басқарма қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Біздің басты жетістігіміз – халық сенімін ақтап, мемлекеттік кірістер жүйесінің дамуына өз үлесімізді қосу.

Сондай-ақ, Басқарма қызметкерлері 2025 жылы жалпы саны 16 түрлі марапатқа ие болған болса, ағымдағы жылы 17 түрлі марапатқа ие болды.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінің талаптарын түсіндіру. Осыған байланысты басқарма тарапынан салық төлеушілерге салық режимдерін таңдау, салықтарды уақытылы төлеу және есептілікті дұрыс тапсыру бойынша түсіндіру жұмыстары жыл басынан бүгінгі таңға дейін жүргізілуде.

Сонымен қатар, салықтық берешектің алдын алу, өсімпұлдар мен айыппұлдарға жол бермеу үшін азаматтар мен кәсіпкерлерге өз салықтық міндеттемелерін тұрақты тексеріп отыру ұсынылады. Негізгі мақсат – жазалау емес, салық төлеушілерге заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Түркістан қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шәкен Махмұтұлы айтса айтқандай, қаржылық сауаттылықтың қайтарымы мол. Қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілерге жағдай жасау мақсатында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді екінші деңгейлі банктердің, соның ішінде қызмет аясы кең «Халық банкінің» мобильді қосымшалары арқылы қашықтан төлеу мүмкіндігін қарастырған.

Бұл мүмкіндік азаматтарға банк бөлімшелеріне бармай-ақ, уақытын үнемдей отырып, салықтық міндеттемелерін ыңғайлы әрі жедел орындауға жағдай жасайды. Түркістандықтар қаржылық сауаттылықты арттыру, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында осылай еңбек етуде.

Роза НАРЫМБЕТОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы