Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қазан айы – Сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес айы, ал 15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обырының алдын алу күні ретінде атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын әйелдер денсаулығына аударып, қауіпті дерттің алдын алу және оны ерте сатысында анықтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Сүт безі обыры – әлемдегі және Қазақстандағы әйелдер арасында ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Алайда, қазіргі медицина бұл дертті үкім емес, емдеуге болатын аурулар қатарына жатқызады. Басты шарт – ауруды дер кезінде анықтау.
Қауіптің алдын алу: Кімдер сақ болуы керек?
Мамандардың айтуынша, бұл аурудың дамуына бірнеше фактор әсер етеді:
Тұқым қуалаушылық (жақын туыстарда онкологияның болуы);
Жас ерекшелігі (жас ұлғайған сайын қауіп жоғарылайды);
Гормоналды өзгерістер және зиянды әдеттер (темекі шегу, ішімдік, дұрыс тамақтанбау);
Стресс және экологиялық факторлар.
Ең тиімді қадам – Скрининг
Елімізде әйелдер денсаулығын қорғау мақсатында тегін мемлекеттік скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылады. 40 пен 76 жас аралығындағы әрбір әйел екі жылда бір рет тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада сүт безінің қатерлі ісігіне онкологиялық скринингтен (маммография) өтуі тиіс. Маммография – ісікті тіпті ешқандай белгісі байқалмаған алғашқы сатысында анықтай алатын жалғыз тиімді әдіс. Бастапқы кезеңде анықталған дертті 90%-дан астам жағдайда толық емдеп шығуға мүмкіндік бар.
Әр әйел білуі тиіс қарапайым ережелер:
Өздігінен тексеру: Ай сайын етеккір циклі аяқталғаннан кейін 5–7 күндері сүт бездерін айна алдында мұқият қарап, қолмен сипап тексеру қажет. Әдеттен тыс түйіндер, терінің өзгеруі немесе бөліністер байқалса, дереу дәрігерге көріну керек.
Дәрігер кеңесі: Жылына кемінде бір рет маммолог немесе гинеколог маманының тексеруінен өтуді әдетке айналдыру маңызды.
Салауатты өмір салты: Белсенді қозғалыс, дұрыс тамақтану және салмақты бақылауда ұстау қауіпті айтарлықтай төмендетеді.
Құрметті әйелдер! Денсаулық – сіздің ең үлкен байлығыңыз. Өзіңізге, анаңызға, әпке-сіңліңізге уақыт бөліп, дәрігерге қаралуға шақырыңыз. Тексеруден өтуге кеткен бір сағат уақыт сіздің бүкіл өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!
Р.Уркитова
Түркістан қалалық емханасының
маммолог дәрігері