Сүйінші жаңалық! «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен балаларға арналған «Ясауи атамыздың шын қазынасы» атты анимациялық фильм дүниеге келіп, бүгін аталмыш туындының тұсаукесері өтті.
Көрерменге жол тартқан анимациялық фильмнің авторы – Ясауитану орталығының ғылыми қызметкері Сұлтан Байсейітұлы. Жалпы, бұл өміршең туынды «Ясауитану орталығы Ғылыми жарияланымдар және медиакоммуникация бөлімі» қызметкерлерінің ортақ еңбегінің жемісі.
Ясауи әлеміндегі маңызды іс-шарада сөз сөйлеген музей-қорық директоры Ерлан Ерғазыұлы Дакенов өміршең жобаның мақсатын, бұл өнер туындысының ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жас ұрпаққа заманауи әрі түсінікті форматта таныстыруға, оның хикметтеріндегі адамгершілік, мейірімділік, ізгілік, адалдық және білімге ұмтылу құндылықтарын балалар бойына сіңіруге ықпал ететіндігін айтып өтті.

Жиналған көпшілік анимациялық фильмді асқан қызығушылықпен тамашалады. Бас-аяғы он-он бес минуттық фильм тек оқушыларға ғана емес, ересектерге де үлкен ой салды.
Көрсетілімнен кейін оқушылар интерактивті сұрақтарға жауап беріп, балалар мультфильмінің мазмұны, кейіпкерлердің іс-әрекеттері, хикметтердің тәрбиелік мәні туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Қаламыздағы М.Пошанов, Ш.Ниязов, Т.Бигелдинов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Қазыбек би, М.Шоқай, №32 мектеп оқушылары сахна төріне шығып, фильмге және ұлы ойшыл Қ.А.Ясауидің өмірі мен рухани мұрасына байланысты қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Сондай-ақ, музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай, археолог-ғалым, музей ардагері Марат Тұяқбаев, «Түркістан медиа» Холдинг ЖШС-нің жаңалықтар қызметі дирекциясының директоры Ғани Қалмақан, ардагер-журналист Роза Нарымбетова, Ш.Ниязов мектебінің мұғалімі С.Мамешова, тағы басқалар қолдауға тұрарлық жаңа бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталып, алдағы уақытта фильмнің көп серияға ұласып, жалғасын табатынына сенім білдірді. Фильм авторы Сұлтан Байсейіт балалар туындысының дүниеге келу тарихымен таныстырды. Музей-қорық ұжымы мұндай мәдени-білім беру жобаларын да, анимациялық фильмді жарыққа шығаруды да алдағы уақытта жалғастыра бермек.Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұраларын жаңғыртып, балаларға қуаныш сыйлаған туынды құтты болсын!
Р.НАРЫМБЕТОВА