Жалынды жүрек, өшпес рух

62 көрілім

Баубек Бұлқышев – отаншылдықтың жарқын жыршысы.

  Қазақ әдебиетінде ғұмыры қысқа болғанымен, артында өшпес із қалдырған қаламгерлердің бірі – Баубек Бұлқышев. Ол небәрі 28 жыл өмір сүріп, Ұлы Отан соғысының майданында қаза тапты. Қысқа ғұмырында әдебиетке өзіндік қолтаңбасын қалдырып, елдік пен ерлік, Отанға дегенсүйіспеншілік, адамгершілік пен достық тақырыптарын шығармаларына арқау етті.БаубекБұлқышевтің шығармашылық жолы соғыс жылдарындағы ауыр сын сағаттармен тығыз байланысты. Жас қаламгердің бойындағы әдеби дарын мен азаматтық ұстаным әсіресе майдан жылдарында айқын көрінді. Оның мақалалары мен публицистикалық туындылары республика баспасөзінде және сол кездегі «Комсомольская правда» газетінде жарияланып отырды.

 1942 жылғы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде қаламгердің «Өмір мен өлім туралы» аттыөршіл, отаншыл мақаласы жарық көрді. Соныменқатар соғыс жылдарында «Я хочу жить» («Менің өмір сүргім келеді»), «Жизнь принадлежит нам» («Өмір бізге тиесілі»), «Коварство и любовь» («Айла мен махаббат»), «Письмо сыну Востока» («Шығыс ұлына хат»), «Слушай, Кавказ» («Тыңда, Кавказ») секілді публицистикалық шығармаларын жазды.

  Баубек шығармаларының негізгі өзегінде – Отанды қорғау, туған елге деген махаббат, жауынгердің рухы мен азаматтық жауапкершілікжатыр. Оның қаламынан туған әрбір шығарма солкезеңдегі жастардың жігерін жандырып, елдіқорғауға үндеген жалынды үн болды.

 Қаламгердің шығармашылық мұрасы тек публицистикамен шектелмейді. Ол көптеген өлеңдер жазып, республика баспасөзінде жариялаған. «Айсұлу», «Балалық шақ» аттыпоэмалары, «Ауылдан Алматыға» әңгімесі және аяқталмай қалған «Алматы – менің туған қалам» романы оның әдеби мұрасының қатарында.

 Баубек Бұлқышевтің шығармашылық еңбегін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері де жоғары бағалаған. Жазушы Ғабит Мүсірепов оның бірқатар орыстіліндегі шығармаларын қазақшаға аударып, «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған. Бұл жас қаламгердің әдеби ортадағы беделі мен шығармаларының маңызын аңғартады.

Баубек Бұлқышевтің туындылары кейін әдеби жинақтарға да енгізілді. Оның шығармалары «Жизнь солдата» (Мәскеу, 1946), «Журналисты в шинелях» (Алматы, 1968), «Есімізде қанды майдан жорықтары» (Алматы, 1968) секілді жинақтарда жарық көріп, оқырманға жол тартты.

 Баубек Бұлқышев туралы ой қозғағанда, оның қысқа ғұмыры мен жалынды шығармашылығын қатар қарастыру қажет. «Баубектің жүрегі» аттыотаншыл азамат туралы толғауда да оның өмірі аққан жұлдызға теңеледі. Шынында да, Баубекнебәрі 28 жасында өмірден өтсе де, оның жүрегінен шыққан жалынды сөздері мен азаматтық үні уақыт өткен сайын маңызын жоғалтқан жоқ.

Абай Құнанбайұлының:

«Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады» –деген жыр жолдарыБаубек тағдырына да дәл келетіндей.

 Баубек Бұлқышевтің өмірі – елге қызмет етудің, Отанды сүюдің және азаматтық парызға адалболудың үлгісі. Ол өз дәуірінің тынысын жүрегімен сезініп, қаламын қару етті. Оның шығармаларындағы отаншылдық рух, қайсарлық пен адамгершілік құндылықтар бүгінгі ұрпақ үшін де тағылымды.

 Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмыр – халық жадында ұзақ сақталатын мұраға айналды. БаубекБұлқышевтің жалынды жүрегі соғыс даласындатоқтағанымен, оның сөзі, рухы мен өнегесі қазақ әдебиетінде мәңгі өмір сүре береді.

Нурлыбаева Назерке Ертісқызы

   Ы.Алтынсарин атындағы

                                                                                     балалар кітапханасының сектор меңгерушісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы