ТҮРКІСТАН: АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

11 көрілім

Кедендік ресімдерді жетілдіру және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру бағытында қолға алынған «Keden» ақпараттық жүйесі бүгінде мемлекеттік органдар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін маңызды цифрлық платформаға айналып келеді. Аталмыш жүйе негізінен электрондық декларациялауды, кедендік деректерді өңдеуді, тауарлардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын бақылау мен мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Осының нәтижесінде кедендік ресімдеу бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жеделдей бастады. Бұл өз кезегінде тауарлардың кедендік ресімдерден өту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Keden» жүйесі кәсіпкерлерге құжаттарды электрондық форматта ұсынуға, декларациялардың мәртебесін онлайн бақылауға және кеден органдарымен бірыңғай цифрлық интерфейс арқылы өзара іс-қимыл жасауға жағдай жасайды. Бұл кәсіпкерлер үшін ресімдерді жеңілдетіп қана қоймай, уақыт пен әкімшілік шығындарды азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтіп, олардың аналитикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жүйеде ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылған. Бір сөзбен айтқанда, жүйе заманауи технологиялармен жұмыс істейді. Осы ретте жүйенің бірқатар мемлекеттік ақпараттық платформалармен интеграцияланғанын айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасуға және қайталанатын мәліметтерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Жүйені әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың сәуір айынан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Оған бұрынғы «Астана–1» ақпараттық жүйесінде болмаған бірқатар жаңа функционалдар енгізілді. Атап айтар болсақ, бұрын экспресс-жүктерді декларациялау қағаз түрінде жүргізілсе, бүгінде бұл толықтай электрондық форматқа көшірілді. Сондай-ақ, алдын- ала ақпарат беру мен транзит ресімдері де автоматтандырылды. Бұрын бұл ресімдер бөлек жүргізіліп, деректер бірнеше рет енгізілетін болса, қазір алдын-ала берілген ақпарат автоматты түрде транзиттік декларацияға айналады. Бұдан өзге кедендік баждар мен тауарларды сақтау процестері де цифрландырылды. Мәселен, уақытша сақтау қоймаларында электрондық қойма жүйесін жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Бұрын қойма есебі қолмен бақыланса, қазіргі таңда бұл процестер толықтай автоматтандырылды.

Сонымен қатар, жүйеде пайдаланушылардың жұмысын жеңілдететін бірқатар қосымша функциялар қарастырылған.

Қазіргі таңда тауарларды шығарғаннан кейінгі бақылау, кедендік сараптама, тауарларды кідірту, аналитика және кеден бекеттерін бақылау сияқты бұрын автоматтандырылмаған бағыттар цифрлана бастады. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, алдағы уақытта «Keden» жүйесінің функционалы одан әрі кеңейтіліп, мемлекеттік сервистермен өзара байланысы күшейтілмек. Нәтижесінде жүйе 2017 жылдан бері қолданылып келе жатқан және кедендік декларациялауды электрондық форматқа көшірген «Астана–1» ақпараттық жүйесін толық алмастыруы мүмкін.

Қорыта айтқанда, «Keden» ақпараттық жүйесін енгізу – кеден саласындағы цифрлық трансформацияның маңызды кезеңі. Бұл жүйе мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бизнеске қолайлы әрі ашық орта қалыптастыруға бағытталған.

Ерлан ТҰРЫСОВ,

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер 

департаменті басшысының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы