Неврология бөлімін Маннабов Алимжан Хабибуллаевич басқарады. Мұнда жүйке жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері қолданылады. Инсульттен кейінгі оңалту, бас ауруларын емдеу, омыртқа және жүйке жүйесі ауруларын анықтау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіледі.
Оңалту бөлімінің меңгерушісі – Бураева Камшат Бауыржанқызы. Мұнда неврология, нейрохирургия, кардиология, кардиохирургия, травматология және ортопедия бағыттары бойынша кешенді оңалту қызметтері көрсетіледі. Мамандар пациенттердің қозғалыс белсенділігін қалпына келтіріп, толыққанды өмірге қайта оралуына көмектеседі.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі – Ибадуллаев Есқали Амангелдіұлы. Бөлімде төрт білікті хирург қызмет атқарады. Жыл сайын 1000-нан астам науқас хирургиялық ем қабылдап, мыңға жуық ота жасалады. Мұнда кәсіби шеберлік пен жауапкершілік әрбір операцияның табысты өтуінің басты кепілі саналады.
Гинекология бөлімінің меңгерушісі Байболова Гүлзат Ибадуллақызы. Гинекология бөлімінде профилактикалық тексерулерден бастап күрделі операцияларға дейінгі қызмет түрлері көрсетіледі. Жыл сайын мұнда 1000-ға жуық гинекологиялық ота жасалады. Мамандар әйелдердің денсаулығын қорғау бағытында кешенді медициналық көмек көрсетеді.
Патология бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Ризахожаева Нигора Абдумажитовна. Бөлімде болашақ аналардың денсаулығын бақылауға арналған медициналық қызметтердің толық кешені ұсынылады. Жүктілікті бақылау, диагностикалық зерттеулер мен профилактикалық шаралар ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған.
Урология бөлімінің меңгерушісі – Айтуғанов Асқар Алимжанұлы. Мұнда зәр шығару жүйесі ауруларын диагностикалау және емдеу, эндоскопиялық операциялар, аз инвазивті хирургиялық ем-шаралар жүргізіледі. Бөлім пациенттерге заманауи әрі тиімді медициналық көмек көрсетеді.
Эндокринология бөлімін Абай Сапаров басқарады. Мұнда қант диабеті, қалқанша безі аурулары, гормондық бұзылыстар мен зат алмасу жүйесінің аурулары емделеді. Бөлімде жыл сайын мыңға жуық науқас қажетті медициналық көмек алады.
Терапия бөлімінің меңгерушісі – Тілеулиев Самат Айдарбекұлы. Бөлімде жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, асқазан-ішек және эндокриндік жүйе ауруларын диагностикалау, емдеу және бақылау жұмыстары жүргізіледі. Тәжірибелі мамандар әрбір пациентке жеке көзқарас танытып, сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Лор бөлімінің меңгерушісі – Нишанов Ақмолжан Рахимжанович. Мұнда құлақ, тамақ және мұрын ауруларын емдеу, эндоскопиялық диагностика жүргізу, мұрын пердесіне операция жасау, созылмалы тонзиллит пен гайморитті емдеу қызметтері көрсетіледі. Бөлімде жыл сайын 900-ден астам ота жасалады.
Заманауи медицина және кәсіби ұжым
«Талғат» клиникасы тұрғындарға емдеудің толық циклін ұсынады. Мұнда алғашқы қабылдаудан бастап күрделі операцияларға дейінгі барлық медициналық қызмет түрлері бір орталықта көрсетіледі.
2016 жылдан бері клиниканың емханасы Түркістан қаласы мен оған іргелес елді мекен тұрғындарына сапалы амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп келеді. Мұнда жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен бейінді мамандардың қабылдауы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, профилактикалық тексерулер, скринингтік бағдарламалар, диспансерлік бақылау және созылмалы ауруларды басқару қызметтері жүргізіледі.
Клиника стационары тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті ем қабылдайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған палаталар мен кәсіби медициналық қызметкерлер әр пациенттің сауығуына қолайлы жағдай жасайды.
Дұрыс диагноз – тиімді емнің негізі. Осы қағиданы ұстанған клиника заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу және рентгенологиялық тексерулер жүргізіледі. Жоғары дәлдіктегі құрылғылар ауруларды ерте анықтауға және емдеу тактикасын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Клиниканың зертханасында жалпы клиникалық, биохимиялық және басқа да зертханалық талдаулар жүргізіледі. Заманауи технологиялардың көмегімен нәтижелер қысқа мерзімде дайындалып, дәрігерлерге нақты әрі сенімді ақпарат ұсынады.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.
