ТҮРКІСТАН: 30 ЖЫЛДЫҚ СЕНІМ МЕН САПА

5 көрілім

Адам өмірі мен денсаулығын қорғау – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы міндет. Осы маңызды миссияны үш онжылдыққа жуық уақыт бойы табысты атқарып келе жатқан «Талғат» клиникасы бүгінде Түркістан өңіріндегі жетекші көпбейінді медициналық мекемелердің біріне айналды. 1997 жылдан бері халық денсаулығын басты құндылық ретінде ұстанып келе жатқан «Талғат» клиникасы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді негізгі мақсат етіп келеді.

Осы уақыт аралығында мекеме заманауи талаптарға сай дамып, материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызмет көрсету аясын кеңейтті. Бүгінде клиника құрамында екі филиал, 14 бөлімше және 30-ға жуық медициналық бағыт жұмыс істейді. Клиниканың негізін қалаушы Ибраев Талғат Иманқұлұлы қалыптастырған ізгі дәстүрлер бүгінде өз жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда мекемеге директор Ақерке Ибраева басшылық етсе, директордың орынбасары Алдияр Алтынбеков клиниканың дамуы мен қызметінің тиімді ұйымдастырылуына үлес қосып келеді.

Халықтың сенімі мен сұранысының артуына байланысты 2022 жылы Түркістан қаласының жаңа шағынауданында клиниканың заманауи талаптарға сай жаңа филиалы ашылды. Бұл өңір тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, сапалы ем алу мүмкіндігін кеңейте түсті. Қазіргі таңда «Талғат» клиникасында 700-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында 80 дәрігер мен 116 мейірбике бар. Әрбір маманның кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған ортақ мақсатқа жұмылдырылған. Клиниканың басты ерекшеліктерінің бірі – медициналық көмектің толық циклін ұсынуы. Мұнда емханалық қызметтен бастап жоғары технологиялық операцияларға дейінгі қызмет түрлері көрсетіледі. Пациенттер жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен бейінді мамандардың қабылдауынан өтіп, заманауи диагностикалық тексерулер мен зертханалық зерттеулерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бөлімшелері күрделі жағдайдағы науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетеді.

Емхана бөлімінің де халық денсаулығын сақтаудағы рөлі зор. 2016 жылдан бері амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп келе жатқан бөлім тұрғындарға профилактикалық тексерулерден өтуге, скринингтер мен диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік жасап отыр. Бір жыл ішінде жүздеген мың қабылдау жүргізілуі тұрғындардың клиникаға деген жоғары сенімін аңғартады.

Медициналық көмектің сапасын арттыруда заманауи диагностикалық жабдықтардың маңызы ерекше. Клиникада компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттары жұмыс істейді. Бұл дәрігерлерге ауруларды ерте кезеңде анықтап, дәл диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Талғат» клиникасы халық денсаулығына жауапкершілікпен қарап, кәсібилік пен қамқорлықты ұштастыра білген сенімді медициналық мекеме. Әрбір төртінші қала тұрғынының таңдауы осы клиника болуы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенім мен сапалы қызметтің нақты көрсеткіші. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ақ халатты абзал жандардың еңбегіне құрмет көрсету – барша қоғамның парызы. Өйткені адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы адал еңбек қашанда ең жоғары бағалауға лайық. Осы игі жолда аянбай қызмет етіп жүрген «Талғат» клиникасының ұжымына халықтың алғысы айрықша.

Әр бөлім – бір тарих

Кез келген медициналық мекеменің басты күші – оның ұжымы. «Талғат» клиникасының жетістігі де әр бөлімде аянбай еңбек етіп жүрген білікті мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Бүгінде клиника құрамындағы әр бөлімше халық денсаулығын қорғау жолында маңызды міндет атқарып келеді. Жансақтау бөлімін реаниматолог дәрігер Жармұханбет Баймаханұлы басқарады. Мұнда әрбір секундтың, әрбір шешімнің маңызы зор. Бөлімшеде жоғары білікті 4 реаниматолог пен 5 анестезиолог қызмет атқарады. Күніне ондаған хирургиялық, гинекологиялық, ЛОР және урологиялық операциялар жасалып, жылына 5000-ға жуық ота сәтті жүзеге асырылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін бөлім мамандары жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосып келеді.

Қабылдау бөлімінің меңгерушісі – Юнусова Севара Толқыновна. Бөлім тәулік бойы жұмыс істеп, шұғыл және жоспарлы түрде келген пациенттерді қабылдайды. Мұнда науқастардың алғашқы тексеруі жүргізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Тәулігіне орта есеппен 20-30 пациентке қызмет көрсетіледі.

Кардиохирургия бөлімін Мансур Атабек Айдарұлы басқарады. Түркістан облысында ашық жүрек оталарын жүргізетін алғашқы әрі жалғыз бөлім осы клиникада жұмыс істейді. Соңғы төрт жыл ішінде мұнда 500-ге жуық ашық жүрек отасы жасалған. Тек, 2025 жылдың өзінде 141 жоғары мамандандырылған ота орындалып, ондаған науқастың өмірі сақталып қалды.

Ал Ермаханова Жанар Акбарқызы басқаратын, 2023 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан бөлімде коронарография, стенттеу, баллонды ангиопластика, электрокардиостимулятор имплан-тациясы, электрофизиологиялық зерттеу және радиожиілікті абляция секілді күрделі медициналық қызметтер көрсетіледі. 2025 жылы бөлімде 1007 науқас ем алып, 1005 ота мен инвазивті ем-шара жасалған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы