Елімізде есірткі қылмысының алдын алу үшін түрлі операциялар мен басқосулар жиі өткізіліп жатады. Себебі, кейінгі жылдары есірткінің түрі мен оны жасау технологиялары өзгеріп, оны сатудың жаңа жолдары пайда бола бастады. Құқық қорғау органдары күн сайын есірткі сататын сайттарды, телеграм арналарын бұғаттап, есірткі сатушыларды, оны жеткізушілерді тұтқындап жатқанымен, оны түбегейлі жеңу әзірге мүмкін болмай тұр.
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде есірткіге қарсы профилактикалық, рейдтік және жедел-іздестіру іс-шаралары қарқынды жүргізіле бастады. Есірткіні көбіне жастар қолданатындықтан, студент жастар мен мектеп оқушылары арасында есірткінің зияны жайлы, одан бас тартуға қатысты тренингтер де жиі өте бастады. Ал, есірткі қолданып, оның зардабын тартып жүрген жастармен арнайы психологиялық жұмыстар жүргізіліп, оларды сауықтыру бойынша нақты іс-әрекеттер іске асып жатыр. Есірткі тасымалдаушы қылмыстық топтар да аз құрықталып жатқан жоқ.
Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 126 деректі анықтаған. Оның ішінде есірткі сату, аса ірі көлемде сақтау, контрабанда және синтетикалық есірткі зертханасын ұйымдастыру фактілері бар. Ал, тәркіленген есірткінің көлемі 60 келіден асады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары интернетке тұрақты мониторинг жүргізіп, «Киберқадағалау» жүйесі арқылы синтетикалық есірткі жарнамалаған 452 сайтты бұғаттаса, прокуратура органдарымен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде күмәнді қаржы айналымына қатысы бар 937 банк картасына шектеу қойылған. Бұдан өзге, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де мекемелермен бірлесіп жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ойын-сауық орындарында есірткі қолданған 218 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал, мектептер мен оқу орындарында есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға оның зияны мен заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен мағлұмат берілген. Осыған орай жыл басынан бері 80 мыңнан астам адамды қамтыған 763 профилактикалық іс-шара өткізіліпті. Бұдан бөлек, қоғамдық орындар мен көшелерде жүргізілген рейдтер барысында 225 есірткіге қатысты граффити жазбалары жойылған. Әуежай, теміржол вокзалы және пошта қызметтерімен бірлескен жедел іс-шаралар кезінде қызметтік иттердің көмегімен есірткі заттарын заңсыз тасымалдауға байланысты алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Қорыта айтқанда, есірткімен күрес бір минут та бәсеңдемеу керек. Себебі, оны тасымалдаушылар мен өндірушілер түрлі айла-шарғыларға барады. Оның жарқын мысалын облыс полицейлерінің жыл басынан бері атқарған жұмыстарынан аңғаруға болады.
Д.ЖҮСІП.
