ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН ДӘРІГЕР

5 көрілім

Адам жанының арашасы бола білген – ақ халатты абзал жандарды бүгінгі кәсіби мерекелері – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сондай-ақ, бүгінгі әңгіменің арқауы – еңбегі еленіп құрметті демалысқа шыққан аяулы ана, сүйікті жар, Гиппократ антына берік білікті дәрігер – Жеңіскүл ханым жайлы болмақ…

Раева Жеңіскүл Құрманбайқызы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Жөлек елді мекенінде дүниеге келген. 1987 жылы Түркістан медициналық училищесін қызыл дипломмен тәмәмдап, сол жылы Семей мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі. 1993 жылы оқуды бітіріп, интернатурасын Қызылорда қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне өтіп, 1994 жылдан бастап Түркістан қалалық балалар ауруханасында еңбек жолын бастады. Сонымен бірге, ауруханада ординатор дәрігерлік қызметімен қоса, аймақтық педиатр болып жұмыс жасады. Өз білімімен аянбай төккен тер мен еткен еңбектің арқасында емхана меңгерушісі, кейін Түркістан қалалық балалар емхана бас дәрігері болып қызмет атқарады. 2015 жылдардан балалар мен ересектер емханасы қосылып, Түркістан қалалық емханасы болғалы емхананың N3 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі, қаламыздың бас педиатры, Түркістан облысының штаттан тыс бас педиатры қызметтерін жасады.

Медицина саласында бір мекемеде жұмыс жасаған 33 жылдың ішінде Жеңіскүл Раева жұмысының 23 жылын басшылық қызметте атқарып келеді. Сол қызметтеріне қосымша халықаралық қазақ-түрік университетінде де қаншама шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Өмір жолын медицинаға арнаған өңірге танымал мықты маман, ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Бірнеше рет облыстық, республикалық құрмет грамтолары мен алғыс хаттармен марапатталған. Мемлекеттік «Гиппократ», «Шапағат», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарының иегері, 2015 жылы отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға, халық денсаулығын жақсартуға қосқан зор үлесі мен ерекше кәсіби шеберлігі үшін «Алтын дәрігер» құрметті төсбелгісімен марапатталып, республикалық «Қазақстанның алтын кітабы» жинағына есімі енген. Айта кетейік, Жеңіскүл Құрманбайқызының жолдасы да медицина саласының қызметкері. Ата-ана жолын қуған қос ұлдары Астана қаласында тұрады. Үлкен ұлы офтальмолог дәрігер болса, келіні фармацевт, кіші ұлы уролог дәрігер. Жалпы, отбасымен дәрігерлер династиясы.

Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін Жеңіскүл ханымды танымайтын адам жоқ шығар. Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан, ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ. Қызмет барысында үлкенге ізет, кішіге өнеге көрсете білген кейіпкеріміз әріптестерінің арасында сыйлы, мерейі үстем. Жеңіскүл дәрігер таяуда ғана мерейлі зейнет жасына шықты. Ұжымға үлгілі болған дәрігерді әрптестері ұзақ жылғы еңбегін бағалап, ерекше сый-құрметпен зейнет демалысына қимастықпен шығарып салды.

Құрметті Жеңіскүл дәрігер! Денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылғы еңбегіңіз ақталып, осы мерейлі зейнет жасына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Адам жанына шипа беріп, талай жанға үміт сыйлаған адал еңбегіңіз үшін мың алғыс. Зейнеткерлік – еңбектің зейнетін көретін, отбасыңыздың ортасында бақыт пен шаттыққа бөленетін тамаша кезең. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға береке тілеймін! Еңбекте жинаған абыройыңыз бен тәжірибеңіз әрқашан бағалана берсін! Әрқашан да халықтың алғысы мен шексіз құрметіне бөленіп жүре беріңіз. Сізге жағдайын айтып ауырып келген жан есігіңізден алғысын жаудырып күліп шықан сәттің куәгері болғанбыз. Алдағы уақытта да халық денсаулығын нығайтуға қосар үлесіңіз көп екеніне сенеміз!

Қ. ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы